$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Тасқыннан зардап шеккен Ғабиден Мұстафин ауылында жаңа үйлердің құрылысы басталды

AstanaTV
05.05.2015ж. 20:00
1252
Тасқыннан зардап шеккен Ғабиден Мұстафин ауылында жаңа үйлердің құрылысы басталды

Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккен Ғабиден Мұстафин ауылында жаңа үйлердің құрылысы басталды. Аймақта табиғат апатының зардабын айтарлықтай тартқан осы елді мекен болатын. Мұстафин ауылында 272 баспана қирап қалды. Бүгін аталған елді мекенде  алғашқы 17 үйдің іргетасы қаланды.

Футбол көшесінде құрылыс жұмыстары басталып та кеткен. Тізімге алғашқы болып ілінген Жабаевтар отбасына арналған баспананың іргетасы қаланып жатыр. Жұмысты өзі бақылағысы келген отағасы да осында жүр. Әзірге Жабаевтар дүңгіршекті паналап тұрып жатыр. Мамандар ұсынған 5 жобаның ішінен қалағанын таңдаған олар, жаңа баспананың салынып бітуін тағатсыздана күтуде.

Нұрлан Жабаев, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

Малым бар біраз. Өзім салған үйді көріп, шамам келгенше көмектесемін.

Мамандар тұрғындарға 2,3,5 бөлмелі үйлердің жобаларын ұсынып отыр. Онда әр үйдің алаңы, ауласы жеке-жеке болады деп қаралған.

Темірғали Дүйсенбаев, Қарағанды облыстық құрылыс басқармасының бастығы:

Әр үйге жеке-дара, техникалық төлқұжатына сәйкес жоба жасадық. Тіпті көпшілігі алаңы жағынан ұтады. Құрылысқа Қарағанды облысының кәсіпорындары өндіретін құрылыс материалдарын пайдаланатын боламыз.

Әзірге құрылыс жұмысына мемлекеттен қаржы бөлінген жоқ. 40 мердігер компания жұмысқа кірісіп те кеткен. Олар қажетті қаражатты өз қалталарынан шығарып отыр. Арнайы комиссия шығын көлемін толық есептеп біткен соң, үкімет жұмсалған қаражатты қайтарып береді.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Кейбір үйлер кеше аман-сау тұрса, бүгін құлайды. Күн жылынды, кейбір үйлердің құлайтын түрі бар. Біз соларды күтіп отырмыз.

Ауылда көмекке зәру отбасылар өте көп. Солардың бірі апатты үйде тұрып жатқан Менузбаевтар отбасы. Үйдің төбесі құлап, қабырғасы сыр берген. Тасқыннан кейін екі аптадан астам уақыт өтсе де, жалғыз басты қариялар баспаналарын тастап кете алмаған. Жүріп-тұруы қиын Маргарита әжейдің шалы да зағип. Қос қария қазір қайда барарын білмейді.

Маргарита Менузбаева, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

Баспана берсе, жетеді сол. Қайда қаңғырам енді мен?! Құрығанда, бір-екі бөлме болса жетеді сол.

Құрылысшылар Қарағанды облысында 359 баспана тұрғызуды жоспарлаған. Бұған 3 жарым млрд теңгедей қаржы қажет. Құрылыс сапасын арнайы штаб бақылауға алды. Жергілікті билік жаңа үйлерді алдағы оқу жылына дейін салып бітіруді жоспарлап отыр.

Айжан ҚУАШ