$513 €541.16 ₽4.69
×

"Кедергісіз келешек" жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жастар "Нұр Отан" қатарына алынды

AstanaTV
02.07.2014ж. 20:00
6339
"Кедергісіз келешек" жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жастар "Нұр Отан" қатарына алынды

"Кедергісіз келешек" жобасы аясында 4 мүмкіндігі шектеулі  жас "Нұр Отан" партиясының қатарына алынды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясының қызметкерлері билік партиясының мүшелері атанды. Партиялық билеттерді оларға партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек салтанатты түрде табыстады.

Кембағал жандар бірыңғай байланыс орталығында "1414" желісі арқылы мемлекеттік қызмет аясындағы сұрақтарға жауап беріп келеді. 26 жастағы Самат күніне 500-ге жуық қоңырау қабылдайтынын айтады. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, жас жігіт әріптестерінен кем жұмыс істемейді.

Самат Хаймульдин, CALL-орталық қызметкері, 1-ші топтағы мүгедек:

Елбасы заңы күшіне енбей тұрғанда, жұмысқа орналасу мұң болған. Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым, ол жақта күте тұр, дүкенге консультант болып орналастырамыз деп уәде етті. Ақыры болмай қалды.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясының ұжымында 90 адам жұмыс істейді. Олардың арасында 8 мүгедек жан бар. Компания басшыларының айтуынша, Елбасы Жолдауынан соң оларды жұмыспен қамту жайы біраз жеңілдеді. Партия қатарына өткен Марат Кәрімовтың айтуынша, "кедергісіз келешек" бағдарламасы арқасында арман орындала бастады.

Марат Кәрімов, CALL-орталық қызметкері, 3-ші топтағы мүгедек:

Мен үшін бұл үлкен мүмкіндік. Енді мен жылдар бойы ойлап келген жоспарларымды жүзеге асыра аламын.

«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Бағдарламаның жүзеге асуынан бастап партияның қоғамдық қабылдауларына 11 мың мүмкіндігі шектеулі жан келген. Олардың жұмыспен қамту мәселесін реттеу үшін жыл басынан бері партиямен 440 бос орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарланған. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА