$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Футболдан әлем чемпионатының 1/8 финал ойындары аяқталды

AstanaTV
02.07.2014ж. 20:00
1485
Футболдан әлем чемпионатының 1/8 финал ойындары аяқталды

Футболдан әлем чемпионатының 1/8 финал ойындары аяқталды. Ширек финалға шыққан құрамалардың да тізімі белгілі болды. Ал соңғы жолдаманы Бельгия және АҚШ құрамалары сарапқа салған. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмағанына қарамастан, қосымша таймда Бельгия футболшылары 2-1 есебімен жеңіске жетті. Спорт тақырыбын Самат Қанағатов жалғастырады.

Футболдан Бельгия құрамасы әлем чемпионатының ширек финал жолдамасын ұтып алды. 1/8 финалда АҚШ командасымен сынға түскен Марк Вильмотстың шәкірттері 2-1 есебімен жеңіске жетті. Кездесу басынан ойын тізгінін қолға алған Бельгия футболшылары бірінші таймның өзінде бірнеше гол соғу мүмкіндігіне ие болды. Осындай сәттердің бірінде Дивока Ориги және екі мәрте Кевин де Брюйне ұрымтал сәттен мүлт кетті. Бұл кездегі АҚШ құрамасының қақпашысы Тим Ховардтың еңбегін атап кеткеніміз жөн.

Үзілістен кейін де Марк Вильмотстың шәкірттері есеп ашатын мүмкіндіктерге ие болды. Бірақ қақпада жасындай жарқыраған Тим Ховард шабуылшылардың ойлағанын іске асырмады.

Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмағандықтан, ережеге сәйкес экстра тайм тағайындалды. Бұл ретте жылдам шабуыл ұйымдастырған Бельгия командасы есеп ашты. Қақпа алдында қараусыз қалған Кевин де Брюйне командаластарын қуанышқа бөледі.

Бұл голдан кейін шабыттанған Марк Вильмотстың шәкірттері келесі сәтте есепті еселеді. Бұл жолы Брюйненнің пасынан кейін мергендігімен танылған Ромелу Лукаку мүлт кетпеді.

Қалған уақытта Юрген Клинсманның шәкірттері Джулиан Гриннің көмегімен есепті қысқартқанымен, одан артыққа шамалары келмеді. Енді ширек финалда Бельгия құрамасы Аргентина командасымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Самат ҚАНАҒАТОВ