Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Атырауда Жеңістің 70 жылдығына арналған аламан айтыс өтті

AstanaTV
04.05.2015ж. 20:00
2099
Атырауда Жеңістің 70 жылдығына арналған аламан айтыс өтті

«Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс». Осындай атаумен Атырауда екі күнге созылған айтыс өтті. Соңғы кездері республикалық деңгейдегі жыр додасы өтпеген мұнайлы аймаққа бұл мерекені «Нұр Отан» партиясы сыйлады. Айтысқа елімізге танымал азулы ақындармен қатар, айтыс сахнасын алғаш аттаған жастарды қосқанда, барлығы 24 ақын қатысты. Суырыпсалмалық өнерге аймақтағы әріптесім Базаргүл Нәдірқызы куә болып қайтты.

600 орындық Махамбет атындағы қазақ драма театры залында ине шаншар орын болмады. Қоғамның жетістіктерімен қатар кем-кетігін де ақындар көркем сөзбен әсерлі етіп жеткізе білді. Екі күн бойына Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен қатар, күні кеше халқымыздың бірлігін паш еткен Президент сайлауы, елімізді даму жолына бастаған Елбасының рөлі, ел тәуелсіздігі жырға арқау болды. Айтыскерлердің жыр шумақтары көрермендердің де көңілінен шықты.

Кәрім Бахриденов, көрермен:

Атырау халқы айтысқа сусап жүр еді, жақсы болды. Мейіріміз қанып, халық-ел риза болып қол соғып отыр. Айтыскерлердің қай-қайсысы да осалы бар деп айта алмаймын. Оза шауып бәйге алғандар болу керек. Сөз саптаулары жақсы.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясы былтыр еліміздің жеті аймағында айтыс өткізуге мұрындық болды. Биыл тағы төрт аламан жыр додасын өткізбек. Бұл - партия доктринасының ұлттық құндылықтарды дамытуға арналған бағыты. Атыраулықтармен бірге айтысты тамашалаған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: "Айтыс пен партияның миссиясы бір. Екеуі де елдің қамын күйттейді",- дейді.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Өздеріңіз білетіндей, Елбасының тікелей тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы жалпы біздің ұлттық құндылықтарды, отбасылық құндылықтарды дамытып, халыққа түсіндіріп келе жатыр. Негізі партияның мақсаты - біздің жастарды тәрбилеу. Ал енді, Елбасы айтқандай, біздің болашақта экономикамыз ары қарай дамысын десек, онда халықтың рухы биік болу керек, рухсыз ештеңе болмайды.

Замандастар қалжыңы, қыз бен жігіт әзіліне құрылған айтыстар да көрерменді риясыз күлкіге бөледі. Шайырлар басты тақырыпты да ұмыт қалдырмады. Жеңісті жақындатуға үлес қосқан қазақстандықтарды жырға қосты.

40 миллион адамды қырып салған соғыста қанша шейіт ұлымыз бар, 400 мыңдай жас ана жесір қалды. Жүректе жазылмаған жырымыз бар. Соғысты ойыншық қып жүргендер көп, олардың бетін бермен бұрыңыздар.

Жыр додасы атыраулық өнерпаздар үшін олжалы болды. Аламанға Атыраудан алты жүйрік қосылды. Оның төртеуі үлкен сахнаға алғаш қадам басқан жастар. Жыр додасында Кеңес Одағының және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Бас жүлде, яғни екі миллион теңге, Алматы облысынан келген ақын Болатбек Оразбаевқа бұйырды.

Болатбек Оразбаев, бас жүлде иегері:

Бүгін енді алыстан келгенімізді құрметтеп, бізге бәйге беріп жатқан шығар. Әйтпесе осы жүрген ақындардың бәрі бір-бірінен кем соқпайтын ақындар.

1 миллион теңге жүлде қоры бар 1-орын Мақсат Ахановқа бұйырды. Ал поэзия падишасы Фаризаға ескерткіш орнатуды өтінген Әсем Ережеқызына облыс әкімінің арнайы сыйлығы берілді. Өзге ақындар да сый-құрметтен кенде қалған жоқ.

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ 

Алдыңғы жаңалық