×

Алматыдағы 9 қабатты үй «Бесоба» оқиғасын қайталауы мүмкін

AstanaTV
02.06.2016ж. 20:00
2484
Алматыдағы 9 қабатты үй «Бесоба» оқиғасын қайталауы мүмкін

Алматыда «Бесоба» оқиғасы қайталануы мүмкін. Алатау ауданына қарасты Алғабас елді мекеніндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірі 30 сантиметрге қисайған. Тұрғындардың дабылынан соң келген төтенше жағдай қызметкерлері 200-дей тұрғынды дереу далаға шығарды. Қазір арнайы комиссия құрылып, өткен жылы пайдалануға берілген үйдің не себептен құлағалы тұрғанын анықтауға кірісті. Алдын ала болжамды Ришат Асқарбекұлы біліп келді.

«Алғабас» шағын ауданындағы бұл баспана 2014 жылы тұрғын үй комиссиясының қабылдауынан өткен. Ал тұрғындар былтыр қыркүйекте толықтай қоныстаныпты. Тоғыз қабатты баспананың сапасы сын көтермейді деп, олар бастапқыда-ақ дабыл қаққан. Арық жүйесі жоқ, соның кесірінен көктем бойы жертөлелер жауын суынан құрғамаған. Сөйтіп толассыз нөсер де жығылған үстіне жұдырық болды. Баспана ақыры апатты жағдайға жетті, - дейді далада қалған жұрт. 

Жанар Әбілмәжінова, тұрғын:

Бір ай болды қақсағанымызға. Үш күн ішінде үй қыңырайып, жарты метрге дейін қисайды. Ал ары қарай тұра бергенде, қалай болар еді? Бұл мемлекеттік бағдарламамен қарттарға, мүгедектерге, көп балаы аналарға берілген үй. Енді қайда барып тұрамыз? 

Айгүл Көпеева, тұрғын:

Мына үй қисайғанымен қоймай, тықылдаған дауыс шығады. Бір ай болды. Оны Астана құрылыс бастығы келгенде, айтып едім, өзі қорқып кеті. Шынымен, мынау жайлап кетіп жатыр екен, тұруға болмайды деп айтты.

Бір жылға жуық үрей құшағында отырған халық бүгін баспаналарын тастап шығуға мәжбүр болды. Үйдің еңкейіп қалғанына көз жеткізген мамандар да тұрғындарды шұғыл эвакуациялады. Көп қабатты үй өз қалпынан 30-40 сантиметрге дейін ауытқыған. Оны мынадай майысқан темірлер мен арнайы орнатылған өлшеуіш құралынан байқауға болады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Енді тұрғын үйді ары қарай пайдалану мәселесі алдағы күндері шешімін таппақ. Қазір геолог-мамандар топырақтан сынама алып, сараптамаға жөнелтіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша шешім қабылданып, көп қабатты үйді беріктендіру керек пе әлде бұзу қажет екендігі айтылмақ.

Мамандардың алдын ала болжамы бойынша үйдің іргетасына шамадан тыс жауын сіңген. Ылғалдан жер қыртысы босап, тұрғын үйдің жылжуына соқтыруы мүмкін. Ал құрылысты жүргізген мердігер мекеме басшысы үйдің сапасына шаң жуытар емес.

Бекболат Амантурлин, «Астана құрылыс» компаниясының президенті:

Бүгін динамика тұрақты. Басқа қозғалыс жоқ. Қазақ құрылыс сәулет ғылыми зерттеу институты өкілдері осында шақырылды, сараптама жасалады. Соның нәтижесіне сәйкес шешім қабылдаймыз. Біздің компанияға қатысты ескертулердің барлығын жоямыз. Біз өз тарапымыздан құрылыс сапасыз деген тұжырыммен келіспейміз.

Кешелі бері күзет қойылған пәтерлерге  тұрғындар кіруге әрекет жасады. Олар тұрмыстық заттары мен құжаттарын алып шығуға рұқсат сұраған. Жергілікті әкімдік қазір  200 адамға қонақ үйлердің бірінен орындар ұсынды. Бұл шығынды құрылысты жүргізген компания өз мойнына алады. Енді арнайы комиссия «Алғабас-6» ықшам ауданындағы 30-дан астам осындай үйді де тексермек.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ