Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қазақстан тарихы тың деректермен толығуы мүмкін

AstanaTV
22.05.2015ж. 20:00
1519
Қазақстан тарихы тың деректермен толығуы мүмкін

Қазақстан тарихы тың деректермен толығуы мүмкін. Астанада өтіп жатқан «Қазақ хандығынан Тәуелсіз Қазақстанға дейін» деп аталатын халықаралық конференция - осыған дәлел. Әлемнің оннан астам елінен келген ғалымдар мен отандық тарихшылардың басын қосқан жиында бұрын-соңды жарияланбаған мағлұматтар таныстырылды. 

Халқымыздың Қазақ хандығынан тәуелсіз Қазақстанға дейінгі жүріп өткен тарихи жолын зерттеу ғылым үшін ғана емес, қоғам үшін де үлкен мәнге ие. Қазақ хандығының тарихын жаңаша оқу - өскелең ұрпақтың жаңа қоғамдағы тарихи танымын терең түсінуге мүмкіндік береді. Бүгін басталған конфренцияға қатысушылар отандық және шетелдік ғалымдардың өзара пікір алмасуына зор мүмкіндіктер жасап отырғанын айтуда.

Бүркітбай Аяған, мемлекет тарихы институтының директоры:

Бүгін біз күтетініміз үлкен бір қызықты әңгімелер болады. Себебі бұрын айшылмаған, айтылмаған әңгімелерді қазіргі Украина ғалымы Ноғай ордасын зерттеп жүрген Грибовский Владислав деген азамат келіп отыр, біз содан көп зат күтіп отырмыз. Екінші, мына АҚШ-тан келген Рафис Авазов Ватиканда жұмыс істеген, сонда оның тапқан карталары бар. Сол картада 15 ғасырда монахтар салған болуы керек, сол картада Қазақ жері деген атаулар бар. Тарихымыздағы көлеңкелі кездер бар ғой, соны ашатын ақпарат табамыз ба деген ойдамыз.

Қазақ тарихы туралы тың деректерді тапқан ғалымдардың бірі - Рафис Авазов. Ол Ватикандағы, Венеция және Рим қалаларындағы көне қоймаларды зерттеп, теріге түсірілген карталар мен қолжазбаларды тапқан. Бұл құжаттар қазақ хандығының, мемлекеттігінің құрылуы туралы тың деректерді анықтауға және нақтылауға мүмкіндік береді.

Рафис Авазов, Колумбия университетінің профессоры, АҚШ:

Бүгін мен таныстыратын карта Фрамауро мапа Мундо деп аталады. Оны 1450-1460-шы жылдары аралығында Фрамауро есімді монах Португалияның ханзадасына жасаған деген ақпарат бар. Бұл жәдігердің арқасында «Қазақ хандығы» тек ішкі факторлардың әсерінен емес, сыртқы факторлардың да ықпалынан мемлекет ретінде құрылғанына дәлел. Себебі сол дәуірде Венеция тек мемлекет ретінде қалыптасқан елдермен сауда саттық жүргізген.

Клара Хафизова, шығыстанушы, тарих ғылымының докторы, профессор:

Біздің қазақ халықының тарихы баяғыдан бір айнадан көрінгендей, басқа бір айнадан көрініс сияқты болады. Өйткені басқа елдің деректеріне сүйеніп жазамыз. Ал бірақ біз қазір жаңа методологиямен, методикамен біздің барлық мәселелерді - қазақ халқының тарихын, хандығын, мемлекеттігінің тарихын жаңадан зерттеуіміз керек.

Екі күнге жалғасатын конференция «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының бастамасымен өтуде. Тарихшылардың қызу талқылауынан кейін, жарияланған тың деректерді негізге ала отырып, жаңа кітап шығарылмақ.

Берік ХАСЕНОВ