«Донор, сенің күнің!» Бүгін Қазақстанда шоу-бизнес, спорт жұлдыздары және
қоғам белсенділерінің қатысуымен қан тапсыру акциясы қарқын алды. Алматыда
мамырдың бесінен бері жалғасып келе жатқан шараға бүгін Астана да қосылды. Қан
тапсыруға бірінші болып көркем гимнастикадан Азия ойындарының чемпионы Анна
Алябьева келді. Аталмыш шара осымен сегізінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.
Әріптесім Айгүл Әдепбай да қан тапсырып, донор атанды.
Айгүл Әдепбай, тілші:
Қан тапсыру үшін алдымен сауалнама толтырасыз. Қазақша бар ма? 26
сұрақ қарастырылған. Жауап беріп көрейік. Өзіңізді жақсы сезініп тұрсыз ба,
бұған дейін дейін қандай аурулармен ауырдыңыз, деген сұрақтар бар. Бәріне жауап
бердік. Қазір тапсырып көрейік.
Сауалнамаға жауап берген соң, тіркеуден өтесіз. Донорлардан жиналған
қан лейкемия ауруына шалдыққан балаларға құйылады. Шара «Нұр Отан» партиясының
«Жас Отан» жастар қанаты мен «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен
өтіп отыр.
Салтанат Әли, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының астана
қалалық филиалының жетекшісі:
Бұл іс-шараға қоғам қайраткерлері, астаналық жастар мен тұрғандар да бей-жай
қарамады. Барлығы да осы іс-шараға бірден ат салысуда. «Жас Отан» жастар қанаты «Бауыржан» қайырымдылық қорымен бірлесіп, ақ қан ауруымен ауыратын балалардың
денсаулықтарын түзеу мақсатында белсенді жастар өз үлестерін қосып жатыр.
Астанадағы қан орталығына алғашқылардың бірі болып көркем гимнастикадан
Азия чемпионы Анна Алябьева келді. Акция барынша көп адам тарту масқатында
эстафета түрінде ұйымдастырылып отыр. Яғни қан тапсырған адам өзін ұялы
телефонына түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялап, эстафетаны кімге беретінін
айтады.
Анна Алябьева, көркем гимнастикадан Азия ойындарының чемпионы:
Мен эстафетаны белгілі боксшы Данияр Елеусіновке беремін. Ол мамырдың 23
мен 24 аралығында «Астана арландарының» ойындарына қатысады. Жекпе жектен жеңіп
шығып, маусымның 14-не дейін қан тапсырып үлгереді деп сенемін.
Егер эстафетаны алған адам қан тапсыра алмаса, онда «Бауыржан» қайырымдылық
қорының есеп шотына 2000 тг аударуға міндеттеледі. Жиналған қаржы да ақ қан
ауруына шалдыққан балғындардың еміне бағытталады. Донор боламын деген адамға
барынша ыңғайлы жағдай жасалған. Қан тобыңыз анықталған соң, міндетті түрде
терапевт дәрігер қарайды. Қан қысымыңыз тексеріледі. Салмағыңыз өлшенеді.
Одан соң тәттілермен шай беріп жағдай жасайды. Бәрі таза, бәрі
залалсыздандырылған. Өкінішке орай, донор болуға асығушылар көп деп айта
алмаймыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарты бойынша 1000 адамға
50-70 донордан келу керек. Ал еліміздегі көрсеткіш өте төмен, - дейді ақ
халаттылар. Бізде бір мың адамға не бары 18 донордан келеді екен. Бірақ Астана
әлемдік стандартқа сай. Елордада бір мың адамға 56 донордан келеді. Ал «Жас
Отан» белсенділері бастаған акция маусымның 14 дейін жалғаспақ. Науқастарға қол
ұшын созып, донор боламын десеңіз, әлі де үлгересіз.
Айгүл ӘДЕПБАЙ