$498.55 €524.28 ₽4.75
×

VIII Астана экономикалық форумы өз жұмысын аяқтады

AstanaTV
22.05.2015ж. 20:00
1365
VIII Астана экономикалық форумы өз жұмысын аяқтады

Сегізінші Астана экономикалық форумы өз жұмысын аяқтады. Әлемнің 90 мемлекетінен келген үш мың делегаттың білімі мен тәжірибесін, әлемдік экономиканың өзекті проблемаларын 30 секция бойынша шешуге жұмылдырған форумның екінші күнін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қорытындылады. Созылмалы қаржылық дағдарыстың тамырын басқан Қазақстан басшысы проблеманы шешудің жаһандық сценарийін ұсынды. Жуырда жарияланған ұлттық 100 қадам бағдарламасының жүзеге асатыны жөнінде көптің көзінше уәде етті. 

Астаналық форумның шешуші күніндегі ең маңызды секция - пленарлық отырысқа жиналғандар ертерек қамданды. Оған қабылдаушы тараптың басты өкілі - Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысуы тиіс. Әлемнің дуалы ауыз сарапшыларының бүгінгі экономикалық ахуал жөнінде не айтары көпшілікке қаншалықты маңызды болса, дәл сол сарапшылар Қазақстан басшысының ұтқыр ойларын тыңдап қалудан да бас тартпайды. Пленарлық отырыста баяндама жасайтындардың тізімінде Люксембург премьер-министрі, Халықарлық валюта қорының бас экономисі, әлемдік алпауыт экономикалық университеттердің тіс қаққан профессорлары бар. Алайда, әлемдік атақ-абыройларына қарамастан, сол таңдаулылар Нұрсұлтан Назарбаевтың келуін сабырлықпен күтіп, естелікке суретке түсу үшін алдын ала сап түзеді.

Бас отырыстың сөзұстары ретінде Астана форумына ВВС арнасының бас экономикалық тілшісі, «Токиң бизнесс» бағдарламасының жүргізушісі Линда Юэ арнайы келді. Кіріспе сөз сөйлеп, сарапшы кезекті негізгі баяндамашы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды. Форумның өтуіне атсалысқан қалың қауымға алғысын білдірген президент 2008 жылдан басталған созылмалы дағдарыстың тамырын тарқатты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көпшілік бүгін турбуленттік құбылыс деп қабылдайтыны - шынында жаһандық дағдарыстың келесі кезеңінің жасырын формасы. Және ол қаржылық шеңберден шығып, валюталық, экономикалық қақтығыс, әр түрлі заңсыз санкция және әлеуметтік-саяси соғыс түріне көшуде. Таяу Шығыс, Сирия, Ауғанстан, Ливандағы дағдарыс - соның салдары. Осы себептер Батыс пен Шығыс, АҚШ пен НАТО-ның Ресей, Қытаймен қарама-қайшылықтарын өршітуде. Ал бұл жаһандық дағдарыс латенттік сатыдан гипердағдарыстың ашық түріне өтсе не болады? Бұл сұраққа жауапты тек экономикалық ғылым, әлемдік ғылыми ой ғана бере алады. Сондықтан біз жыл сайын осындай шараларды ұйымдастырамыз. Біздің форум соның дәлелі.

Форум қатысушыларын нәтижелі жұмыс атқаруға үндеген Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік құрылымның басты үш негізгі қаупіне де тоқталды. Көптің үмітін ақтай алмай отырған Халықаралық саяси институттардың жұмысын сынады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдік тәртіптің фрагментациясы. Біздің байқағанымыз, бұрынғы тұрақтылық пен келісім тетіктері ыдырауда. Ұлы державалар көшбасшылары арасындағы сенім жоғалуда. Халықаралық құқық коррозияға ұшырауда. Халықаралық институттар бейбітшілікке кепіл бере алмайды. Біз үнемі осыған үміт артатынбыз. Екінші - бұл стихиялы факторлар. Климаттың өзгеруі қазіргі кезде өте қарқынды түрде жүріп жатыр. Және ол түрлі стихиялы апаттардың ушығуына әкеледі. Непалдағы апат кезінде әлемдік қауымдастық бұл елге мардымды көмек көрсете алмады. Үшінші. Азық-түлік тапшылығы артуда. Халық санының артуы, табыстың көбеюі мен урбанизация алдағы 30 жылда азық-түлік өндірісінің еке есеге артуын талап етеді. Бұл кезең жер қойнауы байлықтарының сарқылуымен тұспа-тұс келеді.

Назарбаевтың сөзін шет елдік қонақтар мұқяит тыңдады. Ұтымды тұстарын дәптеріне түртіп те отырды. Биылғы форум делегаттарының жуырда жұмысын бастаған Еуразиялық экономикалық одаққа деген қызығушылығы жоғары. Оны жақсы бағамдай білген Қазақстан президенті кезекті ұсынысын көлденең тартты. Екі одақты - еуропалық және еуразиялық - келістіруді ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы келісім аса нәтижелі болар еді. Бұл екі жаққа да тиімді, сондықтан мен келісімге келеміз деп ойлаймын. Бірақ біз бұнымен шектелмеуіміз керек. Мен жаңа Еуразиялық трансконтиненттік ультрамодальді, жоғары жылдамдықпен жүретін көлік дәлізін құруды ұсынамын. Ол біздің ел арқылы Еуропа-Азия арасында жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұл бағыт мұхит жодарынан әлдеқайда қысқа. Бұл мемлекеттер мен халықтар арасын жақындатып, татулығымызды нығайта түседі.

Сөзін салмақтай түсу үшін, Нұрсұлтан Назарбаев, Қытай басшысының «Жібек жолы» экономикалық белдеуі жөнінде бірінші болып бастама көтергенін, алға тартты. Американың Ұлы дағдарыстан жол салу арқылы шыққанын еске алған Елбасы сол тарихи тәжірибені еске алуды ұсынады. Бірақ бұл жолғы «жандану жолы» Қазақстан арқылы өтуі тиіс. Геоэкономикалық жағдайдың өзі осыны талап етеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгі теңіз жолдары күн санап өсіп жатқан халықаралық сауда қажеттіліктеріне жауап бере алмайтын күн де алыс емес. Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы алыс-беріс 600 млрд долларға жетті. Болжам бойынша, 2020 жылы бұл көрсеткіш 800 млрдқа жетуі тиіс. Сондықтан қарқынды өсіп жатқан Азия үшін Еуропаға шығатын құрлық жолдарының маңызы зор. Бұл жерде біз өзіміз үшін үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Бұл жолдардың теңіз бағыттарынан кем деген 3 есеге қысқа болары дәлелденіп қойды. 

Бұл жиыннан кейін әлі де бірнеше секция өтті. Алайда негізгі мәлімдемелер мен ұсыныстар жасалған отырыс осы болды. Оның негізгі тезистері кезекті форумға дейін әлі бірнеше қаралып, әлемдік басылымдар мен сарапшылар ортасында талқыланары сөзсіз. Сегізінші Астана экономикалық форумы дағдарыстан шығудың Қазақстан ұсынған моделімен ерек, есте қалатын болды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ