Қазақстан 2020 жылы көлік логистикасы дамыған озық 40 елдің қатарына
кіруді көздейді. III Халықаралық «Жаңа жібек жолы» форумында «Қазақстан темір жолы» компаниясының
президенті Асқар Мамин осындай жоспарларымен бөлісті. Астана экономикалық
форумы аясында өткен жиынға «Жаңа жібек жолы» жобасына қызығушылығы жоғары елдерден белді
компаниялар қатысты.
Сарапшылар есебінше, 2020 жылға қарай Еуразия құрлығында тауар айналымы 1,5
есе артып 1,2 трлн долларға жетеді. Сондай-ақ, Қытай мен Еуропалық одақ елдері
арасында алыс беріс 615 млрд доллардан 800 млрдқа жетеді деген болжам бар.
Сондықтан Қазақстанның ендігі межесі - Еуропа мен Азияны байланыстыратын
көлік-логистикалық хаб құру.
Асқар Мамин, «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ президенті:
2012 жылы сапалы қызмет көрсету мақсатында жүрдек жүк поездарын іске
қостық. Соның нәтижесінде контейнер тасымалы 2020 жылы 5 есе өседі деп
күтілуде. Ресей, Қазақтан, Түркменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына
шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің жүк
өтімділігі 15 млн тоннаға жетті. Ал Ақтау портын кеңейту және Құрықта паром
кешенін салу жүк өтімін 25 млн тоннаға жеткізеді деп жоспарлып отырмыз.
Азия мен Еуропа арасында жүк
тасымалының 98 пайызы су жолдарымен өтеді. «Ұлы жібек жолын» жаңғыртуды Қытай
төрағасы осыдан екі жыл бұрын ұсынған. Құрлықаралық көпір Қытайдың батысындағы
ЛянЮньган портынан бастау алады. Биыл одан Алматыға қатынайтын 120 поезд жолға
шықпақ. Тауар Орталық Азия елдеріне таратылады. Осы күндері Астанада өткен Халықаралық форум барысында «Жаңа жібек жолымен» бағыттас отандық «Нұрлы жолды» іске асыруға атсалысатын инвесторлар да табылды.
Чау Хон Янг, Азия Даму банкінің Орталық және Батыс Азия аймақтарындағы
көлік және коммуникация жөніндегі директоры:
Біз осы форум аясында Инвестициялар және даму министрлігімен келіссөз
жүргіздік. Орталық Қазақстанды Каспий теңізімен жалғайтын жол құрылысына қаржы
құю жөнінде өзара келістік. Құны 350 млн АҚШ долларын құрайды.
Қайта жаңғыртылатын «Жаңа жібек жолы» бойында алыс-беріс, барыс-келісті жандандыруға араб елдері, Германия, Балтық теңізі елдері мен Солтүстік Африка мемлекеттері мүдделі. Мәселен,
Литваның ең ірі порттарының бірінде Қазақстан өз өндіріс кешенін ашуға
келіскен. Ол жерде Германия, Дания, Скандинавия елдерінен ағылатын жүк айналымы
күшейеді. Осылайша, Еуроодақ елдеріне шығу жоспарда бар.
Арвидас Вайткус, «Клайпеда» портының бас директоры:
Қазақстан тарапы «Клайпеда»
портына қаржы құюды жоспарлап отыр. Есесіне, Литва дәл сондай өндіріс кешенін «Қорғаста»
ашпақ. Мұндай келісім былтыр жасалған. Қазір детальдары пысықталып жатыр. Қаражат
көлемі әзірге белгісіз.
Осылайша Қазақстан тарапы «Ұлы жібек жолын» жаңғыртуға бес жылда 32,4 млрд доллар инвестиция
қажет екенін жеткізді. Осы жобаның арқасында елдің жалпы ішкі өнімі 1 пайызға
өседі, деп болжануда. 2020 жылға дейін жылына 15 мың жұмыс
орны ашылады. Қазақстан 2020 жылы логистикасы дамыған озық 40 елдің
қатарына кіруді көздейді. Бүгінде бұл тізімде 88-ші орындамыз.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ