Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ажал құшқан ақбөкендердің саны бүгінде 85 мыңға жеткен

AstanaTV
22.05.2015ж. 20:00
1354
Ажал құшқан ақбөкендердің саны бүгінде 85 мыңға жеткен

Киіктердің қынадай қырылуы толастар емес. Қазақстанның төрт облысында сеспей қатқан ақбөкендер саны бүгінде 85 мыңға жетті. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев осындай сорақы санды жариялады.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

85 мың бас - өлгенінің саны. Бір айтып кететін мәселе, ең үлкен популяция - осы біздің Бетпақдаланың популяциясы. 216 мың бас осы популяцияда. 36 мың Батыс Қазақстан популяциясында, 1700 бас Үстірт популяциясында. Бүгін енді, өздеріңіз есептеңіздер, процентпен алсақ, 30 пайыз Бетпақдаланың популяциясын жоғалтып отырмыз.

Бұған дейін Қостанай мен Ақтөбе облыстарында бөкендер қырылса, енді мұндай жағдай Ақмола облысында да тіркеліп отыр. Жануарлардың өлексесі Жарқайың және Жақсы аудандарында табылған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ақпар таратты. Қазір ветеринарлар жануарлардың өлекселері табылған жерлерде жұмыс істеп жатыр. Су мен ауадан және топырақтан сынамалар алынып, зертханаға жіберілді. Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, өлекселердің жартысы жойылған.

Дала жануарларының жаппай қырылуына сол баяғы пастереллез індеті себеп болуы мүмкін деген болжам әлі де айтылуда. Министрлік өкілі мұның алдын алу мүмкін емес еді дейді. Өйткені дала жануарлары қандай да бір ауруға қарсы егілмейді. Десе де вице-министр індетке қарсы вакцина ойлап табылғанын айтты. Тек ол препаратты қашан қолдануға болатыны белгісіз. Қазір дәрі сынақтан өткізіліп жатыр. Ақбөкендердің нақты неден қырылғанын анықтау жұмысына шетелдік мамандар да тартылмақ. Атап айтар болсақ, Ұлыбритания ветеринарлық колледжінің, Франкфурт зоологиялық қоғамы мен Ресей ветеринарлық вирусология және микробиология ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары келеді деп күтіліп отыр.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА