Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Маңғыстаулық балықшылар өздері өсірген «бекірені» сата алмай жүр

AstanaTV
15.05.2015ж. 10:00
1147
Маңғыстаулық балықшылар өздері өсірген «бекірені» сата алмай жүр

Маңғыстаулық балықшылар өз қолымен өсірген балықтарын сата алмай әуре. Ал өңірдегі дүкен сөрелерін шетелдік өнім басқан. Отандық өнімнің саудасына бір ғана шешім жетпей тұр. Себебі, қолдан өсірілген балықты сату үшін арнайы рұқсат керек екен. Ауылшаруашылығы министрлігі өкілдері болса, ешқандай құжаттың қажеті жоқ дейді. Кімдікі дұрыс, кімдік бұрыс? Берік Хасенов анықтауға тырысты. Ақтау қаласы жанындағы бекіре фермасының ашылғанына 1 жыл болды. Алғашқыда мұнда бар-жоғы 7 мың шабақ болса, осы күні 38 тоғанда 25 мыңнан астам бекіре балық жүзіп жүр. Дұрыс қоректенгендіктен болар, салмақты тез жинаған. Сөреде сатуға дап-дайын.

Әлима Қобармақова, Балық өсіру маманы:

Кішкене өскеннен барып жемнің мөлшерін өзгертеміз. Мысалы қазір 03,-0,5 мм жемдер беріп жатсақ. Енді бір оншақты күннен кейін сәл үлкейгеннен кейін оларға 0,5-0,8 мм береміз. Сордан кейін 0,8-1,2 мм деген өз размерлері болады. Сол бойынша жемдейміз екі сағат сайын.

Жаздың соңғы айында балық фермасы өнім көлемін 60 тоннаға жеткізуге дайын. Қазірдің өзінде Ақтаудағы дүкендер мен мейрамханалар қолда «бағылған» балықтың 45 тоннасын алуға шарт жасапты. Ферма бекіресіне басқа аймақтардан да сұраныс жоғары екен. Бірақ, сатуға рұқсат жоқ.

Тұрсынгүл Жақыпова, Бекіре фермасы директорының орынбасары:

Әзірге қолымызда сатуға рұқсат та, куәлік те жоқ. Барлық құжаттарды Астанаға жібердік. Рұқсат берген бойда, сата бастаймыз. Министрлік қандай шешім шығарады соны күтуге мәжбүрміз. Өткен жылдың желтоқсан айынан бері телміріп күтіп отырмыз. Сан рет қоңырау шалдық, өзімде Балық шаруашылығы комитетіне бардым, айтары сол - «күтіңдер» дейді.

Бірақ, құзырлы министрлік өкілдері мүлде басқа жауап қатты. Қолдан өсірген балықты ел ішінде сатуға еш рұқсаттың қажеті жоқ екен. Тек экспортқа шектеу бар.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Осы күні елімізде ондай ереже жоқ. Техникалық құжатқа сәйкес дайын өнімді ел ішінде еркін өткізе беруге болады.

Министрліктегілер өз шешімін шығарғанша, балық фермасы не істерін білмей дал. Келісім-шартқа сәйкес дүкен, мейрамхана иелері балықтың салмағы 500 граммнан аспауын талап етеді. Ал, тоғандағы балықтар күн санап өсіп жатыр. Бір бет құжат шыққанша, Ақтау қаласының тұрғындары да шетелдік балықты, немесе браконьерлерден тәркіленген балықты алуға мәжбүр.

Берік ХАСЕНОВ