$511.59 €575.28 ₽6.33
×

Атырауда облысында тұтас бір ауыл табиғи газды он жыл бойында техникалық жабдықтау құжатынсыз пайдаланған

AstanaTV
21.05.2015ж. 20:00
2170
Атырауда облысында тұтас бір ауыл табиғи газды он жыл бойында техникалық жабдықтау құжатынсыз пайдаланған

Атырауда облысында тұтас бір ауыл табиғи газды он жыл бойында техникалық жабдықтау құжатынсыз, ретсіз пайдаланған. Бұл шикілік газ жеткізу мекемесі құжат талап еткенде ғана әшкере болып отыр. Ал тұрғындар болса, ауылға тартылған газды пайдалану хұқын заңдастыру үшін,  2005 жылы жергілікті билікке ақша жинап бергендерін айтады. Тек осы күнге дейін ол құжаттан хабар жоқ. Тұтынушыдан  құжат талап етуші де болмаған. Газбен қамтушы мекеме техникалық шарт жасалмаған жағдайда - табиғи отынды жеткізу тоқтатылатынын ескертті. Тараптарды Базаргүл Нәдірқызы тыңдаған еді.

500-ден астам түтіні бар Дамбы селосына 2005 жылы демеуші компанияның көмегімен газ желісі тартылды. Қуанышы қойнына сыймаған жұрт, "енді техникалық паспортты реттейміз" деген жергілікті билік өкілдеріне, сол кезде-ақ үй басынан 15 мың теңгеден жинап берсе керек. Бірақ әлі күнге дейін құжат та, ақша да жоқ. Енді «Қазтрансгазаймақ»  компаниясы үй басынан ең кемі 20 мың теңгеден тағы төлем талап етіп отыр.

Мұстахим Кәкімов, Дамбы селосының тұрғыны:

Ақшаны осы акимат, ол кезде сельсовет болды, одан акимат болды. Сол  секретары отырып жинап алды өздері. 20 мың мен 60 мыңның ортасында ақша керек дейді, техникалық шарт жаңадан жасауға.  Халықтың тілегі - анау 15 мың теңге қайда?

Ерболат Қайыров, Дамбы селосының тұрғыны:

15 мың теңге халыққа бірталай ақша. Онымызды ала алмай, оның үстіне жаңадан жасатқанда, көптеген шығынға қаламыз.

Әкімдіктегі бас маман Ғалымжан Иманғалиев сол жылдары ауыл әкімі қызметін атқарыпты. Ол ақша жинамағанын айтып ақталуда. Бірақ әлдебір мекеменің халықпен жұмыс жүргізгені есінде. 

Ғалымжан Иманғалиев, Дамбы селолық округі әкімдігінің бас маманы:

10 жылдың үстіне шығып кетті, бізде ешқандай мәлімет жоқ боп тұр ғой. Бізбен шарт жасаған жоқ әкімшілікпен. Ақша алуын алды, бірақ біз арқылы алған жоқ. Мен сол кезде әкім болдым ғой. Ақша алған жоқпын, түбіртек берген жоқпын. 

Он жыл бұрын алаяқтардың арбауына түскен енді түсінген тұрғындар газбен қамтушы мекемеге де өкпелі. "Пайдаланған көгілдір отын үшін ай сайын ақы төлеп отырсақ та, шағымға құлақ аспайды",- дейді.

Оразәлі Қабдолов, Дамбы селосының тұрғыны:

Наезд береді, жөндеу жасамайды, ағымдағы жөндеуді немесе есептегішті ауыстыру, сол мезгілде болмайды, техникалық шартыңды жаса, сосын барып жасаймыз,- дейді.

Ал «Қазтрансгазаймақ» мекемесінің Атыраудағы филиалы басшылығы, облыс тұрғындарына 2012 жылдың желтоқсанынан қызмет көрсете бастағанын алға тартты. 2005 жылы өңірдегі көгілдір отынға "ОблТрансГаз" мекемесі жауапты болған. Кейін тарап кеткен. Сондықтан бұл былыққа қатысымыз жоқ дейді қазіргі тасымалдаушы. 

Нұртас Ерниязов, «Қазтрансгазаймақ» АҚ Атырау филиалы директорының орынбасары:

Заң бойынша газ берудің алдында документтер тапсырылу керек және қолданатын уақытта үйінде болу керек сол документі. Ол кезінде болған нәрсе, 2004-2006 жылдары болған. Біз қазіргі кезде әкімшіліктен хат түскесін, сол жұмыстарды атқаруға тырмысып жатырмыз.

Бүгінде Дамбы ауылындағы бес жүзге тарта үйдің 350-ге жуығы табиғи газды арнайы құжатсыз тұтынып отыр. Рәсімдеуге қайта ақы жинамас бұрын, құжат үшін 10 жыл бұрын төленген қаржының қайда жұмсалғанын анықтау керек. Істі Атырау қалалық прокуратурасы назарға алды. 

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ