$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Қызылордалық фермерлер жаңа технологияны меңгеруде

AstanaTV
21.05.2015ж. 20:00
1417
 Қызылордалық фермерлер жаңа технологияны меңгеруде

Қызылорда облысының шаруалары өз қожалықтарында жаңа технологияларды енгізіп, шапағатын көруде. Мәселен, жаңақорғандық Итаяқовтар отбасы күн сәулесінен қуат алып отыр. Олар мұндай мүмкіндікке «Жұмыспен қамту- 2020 жол картасы» арқылы қол жеткізген. Жалпы аймақтағы көптеген қарапайым адамның жаңа кәсіпті игеруіне осы бағдарлама септесті. Шарипа Сақтапова несие алып, іс бастаған жаңа кәсіпкерлер тұрмысымен танысты. 

Осыдан 10 жыл бұрын мына жер шөл дала еді. Ал бүгін жазиралы алқапқа айналған. Мал шаруашылығын кәсіп еткен Жалбызбай Итаяқовтың айтуынша, экологиясы таза мекеннен жеміс бағын да, төрт түлікті де табуға болады. Кезінде бір-екі бас сиыр ұстап, мал баққан қатардағы отбасы  "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасының арқасында берекелі тіршілікке  жетіпті.

Жалбызбай Итаяқов, фермер:

Баламыз екеуміз 2020 бағдарламасына 2012 жылы өтінім беріп, 2,5 миллион  несие алуға қол жеткіздік. Сол несиеге менің балам Итаяқов Кеңесбек қара мал алды, жылқы алды, сол малды әрмен қарай дамытуда, осы таңда. Алдағы мақсатымыз - осы малды асылдандыру.

Май шам мен жанармай генераторы - өткеннің сарқыншағы. Итаяқовтардың шаруашылығындағы инфрақұрылымға қызықпайтын жан жоқ. Сағатына бес киловатт энергия өндіретін күннен қуат алатын қондырғының арқасында су, жарық пен жылу мәселелері шешілген. Инфрақұрылымды дамытуға мемлекет 3 миллион теңге көлемінде грант бөлді.

Темір кесінділері ұстаның қолына түскен соң, бірер сағатта балалар әткеншегіна айналады. Екі жыл бұрын осы бағдарлама аясында несие алған Ибадулла Батырбеков қазір бірнеше ұстахананың иесі. Оның қолынан шығатын әткеншектер сұранысқа ие.

Ибадулла Батырбеков, кәсіпкер:

2012 жылы 1 миллион 900 мың теңге кредит алдым. Содан сварочный аштым, желімдау орны ашылды, сварка. Төрт адам жұмысқа қабылдадым. Халықтың тапсырысы бойынша әткеншек дайындап жатырмыз.

Қазір 400-ге жуық жаңақорғандық "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасының шапағатын көріп отыр. Олар наубайханадан бастап, жеке шаруашылыққа дейін өз алдына кәсіп ашып алған.

Ақылбек Жәнібеков, Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

Нәтижесінде 395 адам және олардың жұмыспен қамтығандары бар 800-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Олардың 75-76 пайызы ауыл шаруашылығы бағытына, мал басын өсіруге алып отыр.

Ал күн сәулесінен қуат алатын қондырғы тағы үш шаруа қожалығына бұйырды. Жалпы мемлекеттік бағдарлама аймақтағылар үшін жемісті болып тұр. Жыл басынан бері тоғыз мыңға жуық тұрғын әлеуметтік жобаларға қатысуға ниет білдірген. Тағы 11 мыңнан астам қызылордалық жұмыспен қамтылды.

Шарипа САҚТАПОВА