Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қырылған киіктер саны 28 мыңға жетті

AstanaTV
21.05.2015ж. 20:00
1336
Қырылған киіктер саны 28 мыңға жетті

Қостанай облысындағы ақбөкендердің жаппай қырылуына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл жайында біздің арнамызға облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Облыстық орман шаруашылығы және аңшылық аймақтық инспекциясының басшысы Марат Бегімбетов, сондай-ақ, осы ведомствоның бөлім бастығы Михаил Соломонов қызметтерінен босаған. Қызыл кітапқа енген жануарлардың бүгінде 28 мыңға жуығы қырылып қалды. Бұл туралы облыстық  орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері мәлімдеді.

Боранбай Айтқожин, Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасына сәйкес: бүгінгі күнге дейін қырылған киіктер саны 27 мың 681-ге жетті. Жануарлардың қырылуына «Пастереллез» індеті себеп  болуы мүмкін. Аталған қоздырғыш жануарлардың ағзасында табиғи қорғаныс қабілетінің күрт төмендеуінен пайда болады.

Еске салайық, дала жануарларының қырылу фактісі Қостанай облысы Амангелді ауданы аумағында мамыр айының 11-інде анықталған еді. Қазір арнайы штаб құрылып, ақбөкендердің өлекселерін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдай орын алған аумақта 500-ден астам адам мен 76 арнайы техника жұмылдырылды. Ақбөкендердің қынадай қырылуы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында да жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке сәйкес «Ырғыз -Торғай» табиғи резерваты аумағында 1375  киіктің өлексесі табылған. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев айтты. 

Мұхтар Жұмағазиев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

Қорытынды жасау өте қиын. Сондықтан біздер соның мән-жайын білу үшін ветеринар мамандар өлекселердің, экологтор жердің, судың, сол жайылып жүрген жайылымдардың сынамаларын алды. Бүгінгі таңда барлығы лабораторияға жіберілді кеше самолетпен. Енді қорытындысы шыққасын, қорытындысын білеміз. 

Мансұр ЕСҚОЖИН