Президент Нұрсұлтан Назарбаев 5 институционалды реформаны жүзеге асырудың
100 қадамын белгіледі. Аталған тізім бүгін ресми баспасөзде жарияланды. Еске
салайық, Мемлекет басшысы осы бағыттағы іс-қимылдарды инаугурация рәсімінде
сөйлеген сөзінде айрықша атап өткен болатын. Ал 5 институционалды реформаны
Президент «Нұр Отан» партиясының съезінде жариялады. Сонымен 100 қадам былайша
жіктеледі.
Бірінші, кәсіби мемлекеттік аппарат құру бағытында 15 қадам
жасалуы керек. Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданған соң, іс басындағы
мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестациядан өткізіп, кәсіби талаптар
күшейтіледі және еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі.
Екінші саладағы 18
қадам заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналады. Оның жетеуі полицияның
жұмысын жетілдіруге, қалғаны сот жүйесін реттеуге бағытталған.
Үшінші салада -
Индустрияландыру және экономикалық өсім үшін 49 қадам белгіленген. Ол барлық
саланы қамтиды, ет өндірісі мен өңдеуге стратегиялық инвесторларды тартудан
бастап, Алматы іргесінде халықаралық жаңа әуежай салу, экономиканың алты
негізгі саласы үшін 10 колледж бен он жоғарғы оқу орынында білікті кадрлерді
әзірлеуге дейін тапсырылған.
Төртінші сала: Біртектік пен бірлікке қол жеткізу
үшін, 5 қадам жасалады. «Үлкен ел - үлкен отбасы» секілді жобалар.
Қалған тоғыз қадам есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағытында іске асады.
Президент жанынан әр салаға жауапты бес жұмыс тобы құрылған. Ол Ұлттық комиссия
деп аталады.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ