$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Қызылордада шыны зауытының құрылысы басталды

AstanaTV
20.05.2015ж. 20:00
1591
Қызылордада шыны зауытының құрылысы басталды

Қызылордада шыны өнімдерін шығаратын және оны өндейтін зауыттың құрылысы басталды. Құны елу екі миллиард теңге тұратын зауытта жылына екі жүз мың тоннаға жуық шыны шығарылады деген жоспар бар. Жобаның сексен пайызын «Қазақстан даму банкі», қалғанын америкалық «Stewart Engineers» компаниясы қаржыландырмақ. Ал өңдірісте тек жергілікті шикізат пайдаланылмақ. 

Болашақ зауытқа Қызылорданың индустриалдық аймағынан елу гектар жер бөлінген. Қазір мұнда құрылыс алдындағы дайындық жұмыстары қызып жатыр. Жер тегістеліп, құрылысшылар қалашығы дайындалуда. Инженерлік-коммуникациялық жүйелер де тартылып, инфрақұрылым әзірленуде. Бірер күнде зауыттың іргетасы қаланбақ.

Әділбай Бадамбаев, зауыт құрылысының бастығы:

Қоршау жұмыстарын аяқтадық. Сонымен қоса жұмыстың бірінші қабатындағы бос топырақтан отыз сантиметрін ысырып алып, оны он екі мың кубты тасып, қоймаға жинап жатырмыз. Бетондық узелымыз бар, итальяндық бетондық узел, сағатына алпыс метр-куб бетон шығарады.

Жобаны «Қазақстан даму банкі» мен Американың «Stewart Engineers» компаниясы қаржыландырады. Ал шыны өңдірісіне кварц құмы, әктас, доломиттер мен кальциленген сода пайдаланылмақ. Бұл шикізаттардың дені өз елімізде шығарылады.

Ғалым Әміреев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

Ол жерде үлес пайызы «Бәйтерек» Ұлттық даму қорының құрамына кіретін Қазақстан инвестициялық қорының үлесі 80 пайыз, Америкалық серіктестері «Steward Engneers» компаниясының үлесі - 20 пайыз. Бұл нақты осы жобамен айналысатын екі компания акционер болып есептеледі. Жобада 300 адамдай, іске қосылғанда, жұмыс жасайды.

Зауытқа АҚШ компаниясының озық технологиясы енгізілмек. Америкалықтар қазақстандық әріптестерін өз өндірістеріне шақырып, тәжірибесімен бөлісуге әзір. Ал ірі өңдіріс ошағы толыққанды жұмыс істеген кезде, озық тәжірибені басқа жұмысшыларға да үйрету көзделіп отыр.

Сержан Ақылбаев, «ORDA GLASS LTD» басқарма төрағасының орынбасары:

Олардың технологиясы әлемдегі ең озық технология саналады. Шыны кесінділерінің қатты заттан жасалған жабындысы бар. Сосын бұл технологияның өзіндік құны бұрынғымен салыстырғанда арзан.Тапсырыс берушілерге келетін болсақ, бізге қазір Ресейден тапсырыс түсті.

2017 жылдың жазында зауытта алғашқы шыны кесінділер шығарылмақ. Алдымен құрылыс саласына қажетті шынылар жасалады. Дайын өнімнің 70 пайызын ішкі нарыққа, қалғанын экспортқа шығару жоспарланған. Өнімдер Кедендік одақ мемлекеттері мен Орталық Азия елдеріне жіберілетін болады.

Шарипа САҚТАПОВА