Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мәулен Әшімбаев: Тарихи - мәдени нысандарды қорғау жөнінде жаңа заң әзірлейтін кез жетті

AstanaTV
20.05.2015ж. 20:00
1893
Мәулен Әшімбаев: Тарихи - мәдени нысандарды қорғау жөнінде жаңа заң әзірлейтін кез жетті

Тарихи - мәдени нысандарды қорғау жөнінде жаңа заң әзірлейтін кез жетті. Парламент Мәжілісінің депутаты, «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәулен Әшімбаев осындай пікірде. Кеңес мүшелерінің мұрындық болуымен Ұлттық мұражайда көшпелі отырыс өткен болатын. Талқыланған басты тақырып - ұлттық - рухани мұрамызды сақтау мен тарихи нысандарды қорғау. 

«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі кезек күттірмейтін, өзекті тақырыптардың бірін сөз етті. Зиялы қауым еліміздегі тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қазіргі жай-күйін пысықтады. Белгілі болғандай, мәдени ескерткіштерді жаңғырту мен қайта қалпына келтіру жұмыстары тиісті деңгейде атқарылып жатқан жоқ. Мамандардың айтуынша, нарықтық жағдайға орай, реставрация саласында лицензия алған мекеме көп. Өкінішке орай, қажетті ғылыми-тәжірибелік деңгейді талап ететін бұл салада әзірге олқылықтар аз емес.

Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясы мүшесі:

Бозықты болсын, Берелді болсын, Отырарды болсын, қазып ашып тастады. Одан кейінгі оны сақтауға қою жөнінде заңды құқығына байланысты сол жәдігерлердің барлығы мемлекеттік музейге немесе өзге тапсырылатын жерге тапсырылмаған.

2007 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған еді. Сол кезде-ақ Елбасы тарихи жәдігерлерге қатысты өз алаңдаушылығын білдірген. Ол әсіресе реставрациялық жөндеу жұмыстарының сапасына мұқият болған жөн екенін ескертті. Археологтардың бейберекет қаза бермей, тарихи орындарды сақтау жағын да ойластырғаны жөн екендігі айрықша атаған. Президенттің осы тапсырмасын алға тартқан Мәулен Әшімбаев содан бері 8 жыл уақыт өткенін, жәдігерлерді қорғауда жаңа заң әзірлейтін кез жеткенін айтты.

Мәулен Әшімбаев, «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты «Нұр Отан» фракциясы мүшесі:

Нақты айтқан кезде, тарихи-мәдени объектілерді қорғау және пайдалану туралы жаңа заң жобасын әзірлеуіміз керек шығар. 1992 жылы қабылданған екен. 1992 жылдан 20 -дан астам уақыт өтті. Қазір заман басқа, өмір басқа, талап басқа.

Жиында сондай-ақ, тарихи-мәдени мұра нысандарында атқарылған ғылыми зерттеулер жайы, білікті маман даярлау сынды күрделі тұстар да көтерілді.

Мәулен Әшімбаев, «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты «Нұр Отан» фракциясы мүшесі:

Жалпы мамандарды даярлап жатыр ғой Білім және ғылым министрлігі. Соның ішінде реставрация да бар, консервация да бар. Соған қоса нақты бір бағыттарға мамандар керектігі - өмір талабы. Мамандар жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ жастарды тәрбиелеу керек.

Тахир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

Тарихи мұра ескерткіштері - әр уақытта елдіктің бүкіл тарихтың негізін қабылдайтын нәрселер. Бір жағынан сол тарихи ескерткіштердің жағдайы болса, екінші жағынан соған байланысты тарихи зерттеулер. Біздің ғалымдардың істеген істері, көптеген бағдарламалардың бары белгілі. Сондықтан бұл істер алдағы уақытта да жалғасады деп ойлаймын.

«Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасында «Мәдениет пен руханият қоғамды біріктіреді. Біз қоғамымыздың бірегейлігін айқындайтын мәдени және рухани құндылықтарды сақтап, ұлғайта түсуді жақтаймыз» делінген. Осыны ескерген кеңес мүшелері ұлттық құндылықтарымызға қамқорлық жасау, мәдени ескерткіштерді табиғи апаттардан құтқару шараларын пысықтап, олардың туризм кластерін дамытуға қосар үлесін жан-жақты саралады.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА