Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы биыл 18 маусымда басталады. Ал
пітір-садақа мөлшері - 200 теңге. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандар діни
басқармасы хабарлады. Сонымен қатар, діни басқарма биылғы жылды Дін мен дәстүр
жылы деп жариялаған. Өткен жылы көптеген аймақтарда ауызашарлар қазақы
дәстүрмен байланыстырылып өткізілген. Осы үрдіс биыл да жалғаспақ. Басты мақсат - діни танымды қазақи салт-дәстүрмен байланыстыру.
Сонымен қатар, әр жерде сәресі
мен ауызашардың уақыттары әртүрлі болуына байланысты, Астанада өтіп жатқан
Төралқа мәжілісінде осы мәселе жан-жақты талқыланды. Әр өңір бойынша сәресі мен
ауызашар уақыттары белгіленеді. Жиын барысында еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы
Малғажыұлы Рамазан айына арналған үндеуін жолдады. Онда су басқан елді мекен
тұрғындарына жәрдем беру мәселесі басты назарға аланған. Бас мүфти барша
жамағатты осы игі іске атсалысуға үндеді.
Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:
Біз қалталы, қайырымды азаматтарды осы су басқан елді мекендердегі
үйсіз-жайсыз қалған азаматтарға мейлінше көмек көрсетуге шақырып отырмыз. Құдай
қаласа, мұның барлығын ұйымдастыратын жергілікті имамдар болады. Жалпы биылғы
оразаға үлкен дайындықпен кіргелі отырмыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған Төралқа мәжілісі
барысында мешіттерге атау беру мәселесі көтерілді. Бас мүфти мешітке атау
берудің өз шарттары бар екеніне тоқталды. Сол шартқа сәйкес, халыққа еңбегі
сіңген немесе кезінде діни қызмет істеп өмірден өткен азаматтар болса ғана, Алланың үйі сол кісінің атымен аталуы керек.
Берік ХАСЕНОВ