Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Матаев ісіне қатыстылар үй қамаққа алынды

AstanaTV
28.03.2016ж. 20:00
2363
Матаев ісіне қатыстылар үй қамаққа алынды

"Матаевқа мемлекет қаржысын жымқыруға көмектесті" деген күдікпен 25 наурыз күні ұсталған үш адам бүгін Медеу аудандық сотының шешімімен 2 айға үй қамаққа алынды. Олар: Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің бұрынғы басшысы Болат Берсебаев және оның орынбасары Бек Арпабаев пен "Қазақтелеком" АҚ стратегиялық басқару жөніндегі директоры Батыр Маханбетажиев. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы департаментінің мәліметіне қарағанда, тергеу барысында Берсебаев пен Арпабаев 2010-2015 жылдары мемлекеттік саясатты ақпараттық насихаттауға бөлінген 160 миллион теңгеден аса қаржыны жымқырғаны анықталған. Үй қамақ тәртібі бойынша, күдіктілер таңғы 8.00-ден кешкі 22.00-ге дейін сыртқа шығуға мүмкіндігі бар. Олардың үйі күндіз-түні құзырлы органдардың бақылауында болады, - деді судья.

Бауыржан  Күнчаев, Медеу аудандық  №2 сотының судьясы: 

Күдіктілерді үй қамаққа алу туралы шешім ағымдағы жылдың 25 наурыз айынан, яғни ұсталған күннен бастап, 25 мамырға дейін созылады. Сот  үкіміне наразылық пен шағымды сот шешімі шығарылғаннан кейінгі үш күннің ішінде қалалық  сот арқылы №2 Медеу аудандық сотына түсіре алады.

Бүгін сондай-ақ аталған соттың шешімімен ҚазТАГ агенттігінің басшысы Әсет Матаев та үй қамаққа алынды. Оның қорғаушысы Андрей Петров пен Мадина Бакиева оны кепілдік арқылы босатуға өтініш білдірген еді. Бірақ судья Бауыржан Күнчаев үй қамаққа алу туралы шешім шығарды. Соған сәйкес оның зайыбы мен балаларынан басқа адамдармен байланыс жасауына тыйым салынды.

Айта кетейік, Алматының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Сейітқазы Матаевты бюджет қаражатын жымқырды және ірі көлемде салық төлеуден жалтарды деген күдікпен 22 ақпанда ұстаған болатын. Қазынадан жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 300 миллион теңгеден асады. 

Айгүл ЕРМАХАН