$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Тасқыннан жапа шеккен Қарағанды облысы тұрғындары өтемақы көлеміне наразы

AstanaTV
20.05.2015ж. 20:00
1269
Тасқыннан жапа шеккен Қарағанды облысы тұрғындары өтемақы көлеміне наразы

Тасқыннан жапа шеккен Қарағанды облысының тұрғындары тағайындалған өтемақы көлемімен келіспейді. Ғабиден Мұстафин ауылының халқы бөлінген қаражат жаңа жиһаз бен тұрмыстық техниканы сатып алуға жетпейтінін айтады. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауына сәйкес, бір отбасыға шамамен 200-250 мың теңгеден шыққан. 

Анастасия Дубровина тасқын салдарынан баспанасынан да, мүлкінен де айрылды. Алтыншы перзентін босанғалы отырған ана не істерін білмей дал. Әзірге көп балалы отбасы әкімдіктің ұсынған жалдамалы пәтеріне көшіпті. Өтемақы ретінде берілген 213 мың теңге балаларға арналған бір төсек пен теледидардан аспаған. Ал, төсек жабындылары мен киім-кешекті қайырымдылық ұйым арқылы алғанын айтады.

Анастасия Дубровина, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

Бізге теледидарды 23 мың теңгеге, тоңазытқышты да 23 мың теңгеге сатып алыңыздар дейді. Керуеттер мен үстел жайлы ойлаған ешкім жоқ. Жәрмеңке ұйымдастырылды. Жақсы, бағасы да қол жетімді. Бірақ бөлінген қаржы аз. Көбірек болса, барлық керек-жарақты сатып алар едік.

Дәл осындай жағдайға Қасеновтер әулеті де тап болған. Олардың баспанасы сүріліп жатыр. Несиеге алынған жаңа жиһаз қызыл судан бүлінді. Ал, тағайындалған өтемақы оның жарты құнына да жетпейді дейді. Айтуларынша, тәуелсіз сарапшылар шығынды төмен бағалаған. Амалы таусылғандар берген тиын-тебенге келіскендерін айтады. Алайда, бұл мәселе қайта қаралса, дейді.

Гүлнұр Қасенова, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

Біздің үйдегі бар мүлкімізді небары 213 мың теңгеге бағалады. Бұған не аламыз?!

Тәуелсіз бағалау палатасының өкілдері жұмыс заңға сай жүргізілді дегеннен танар емес. Мүлікті бағалау кезінде оның қолданылу мерзімі негізге алынғанын айтады.

Ержан Түсіпбеков, Қарағанды бағалау палатасының сарапшысы:

Әрбір үйдің иесі өтемақының көбірек болуын қалайды. Бұл жерде біз объективті жұмыс жүргіздік. Мысалы, 2005 жылғы тоңазытқышты алсақ. Сол кезде ол шамамен 100 мың теңге тұрды. Ал қазір бағасы арзан.

Дегенмен, халық үшін жағымды жаңалық та жоқ емес. Тұрғындар өздеріне тиесілі жер телімдерін сақтап қалды. Бұған дейін ауылдағы жер учаскелері мердігерлердің меншігіне өтеді деген қаңқу сөз тараған.

Руслан Нұрмұханбетов, Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы:

Тұрғындармен меншіктерін уақытша беру жөніндегі келісім жасалады. Алайда үйлердің құрылысы аяқталған соң, оны бірден меншік иелеріне қайтарамыз.

Бүгінде зардап шеккен 1 600 отбасы мемлекеттің қолдауына ие. Тұрғын үйді жөндеуге және мүлікті сатып алуға облыс әкімі резервінен қаржы бөлінді. Алғаш рет өңірде бірден 459 баспана бой көтермек. Мыңға жуық үйге қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі. Ал, құжаттары жойылған 51 тұрғын үй демеушілер қаржысына тұрғызылмақ.

Асылбек Дүйсебаев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Тасқынның салдарынан зардап шеккен тұрғындардың шығынын өтеу мақсатында облыстық бюджеттен 719,5 млн теңге бөлініп, өтемақылар үлестірілді.

Қызыл судан бүлінген мүлікке өз қалтасынан жаңадан сараптама жүргізудің қажеті бар ма? Қазір ауылдықтарды мазалайтын мәселе осы. Шара қосымша қаражатты талап етеді. Оны көбінің қалтасы көтере бермейтіні анық. Қазір олар баспаналарының құрылысы аяқталуын асыға күтіп жүр. Әзірге Ғабиден Мұстафин ауылында 2 нысан бой көтерді. Қоныс тойы маусымның біріне белгіленіп отыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, Марина ИНЕВАТОВА