$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Шымкентте қоқыс полигоны елдің мазасын әбден алып тұр

AstanaTV
19.05.2015ж. 20:00
3314
Шымкентте қоқыс полигоны елдің мазасын әбден алып тұр

Таза ауа жұту -  арман. Шымкенттегі жаңадан құрылған Қаратау ауданына қарасты Таскен мен Мәртөбе ауылының тұрғындары ауыл маңындағы қоқыс полигонының жұмыс істеуіне қарсы. Айтуларынша, жуырда жұмысы қарқын алған күл-қоқыс төгетін орыннан шығатын күлімсі иіске шыдау мүмкін емес. Әбден ашынған жұрт ауру-сырқаудың да көбейіп  кеткеніне алаңдаулы.

Санитарлық талаптарға сәйкес қоқыс полигоны елді мекеннен үш шақырымдай алыс орналасуы тиіс. Алайда біз көріп тұрған күл-қоқыс орны бұл талаптардың өрескел бұзылып жатқандығын көрсетеді. Өйткені менің сол қанатымдағы Мәртөбе ауылының өзі бұл жерден бар болғаны үш жүз-төрт жүз метр жерде ғана орналасқан.

Тұрмыстық қалдықтар бұл жерге ақпан айынан бері тастала бастаған. Тұрғындардың айтуынша, бес гектар аумақта бұған дейін Мәртөбеден бөлек Таскен ауылының тұрғындары да мал жайған. Ал, қазір аттап басу азап, - дейді жергілікті халық. Айтуларынша, тұрғындарды сары ауру, іш өту, демікпе секілді дерт дендеген.  

Бибайша Қыстаубаева:

Қазір елде мынандай-мынандай шыбын, мынандай-мынандай маса кіріп, оның ішінің бәрі тола құрт. Балалар ауру. Іші өткен де соның ішінде, асқазан ауру да соның ішінде. Бас ауру да соның ішінде. Барлығы қотыр болып жатыр балалар. Мектептің балалары биттеп жатыр.

Талдыкүл Қолдасова:

Кешке таман тамақ та іше алмаймыз. Тура түтін кешке таман үйге қарай барады. Мына жақтан цемент заводтың иісі, мына жақтан адамды өлтіре ма, мынаны тоқтатыңыздар.

Қоқыс полигонына күніне орта есеппен қырық-қырық бес тонна тұрмыстық қалдық төгіледі. Кіріп-шығып жатқан көлік те көп. Ауыл азаматтары Кеңес үкіметі тұсында бір рет ашылып қайта жабылып қалған қоқыс алаңының қазіргі жұмысы заңсыз деп санайды.

Оразалы Кенжебеков, Мәртөбе ауылының биі:

Прокурордың да, экологтың да, санэпидстансаның ауызша айтылып жатқан мәліметі бойынша, бұл заңды емес екенін айтып тұр. Бірақ бізге жазба түрде ешқандай жауап беріп тұрған жоқ. Қаланың әкімшілігі осының заңсыз екенін біле тұра, қоқыс тастауын тоқтатып жатқан жоқ. 

Алайда шенеуніктер полигонның жұмысы заңды дегенді кесіп айтты. Қаланың аумағы ұлғайғандықтан, бұл жер уақытша қолданыста. Ал елсіз аумақтан қоқыс төгетін алаң салу ісі қазір қаралып жатқан көрінеді. Бұған қажетті жер де белгіленіп қойған. 

Бақдәулет Мәлімов, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

ГосАКТ алу өзі мемлекеттік процедураға уақытты талап етеді. Одан басқа бізде жоба-сметалық құжаттама дайындауымыз керек. Бұның барлығына біздің өзіміздің сараптауымыз бойынша, есебіміз бойынша ең кемінде алты ай уақыт талап етеді.

Шенеуніктер алдағы қарашадан қалмай бұл мәселе шешімін табады деп сендірді. Тек оған дейін тұрғындарды сабырлық танытуын сұрайды. Ал, ауыл халқы шіліңгер шілдеде не күйге түсерін сезіп, қазірден алаңдаулы.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ