$538.57 €629.48 ₽6.71
×

Германиядан импортталған 32 тонна ет өнімінен эхинококкоз ауруы анықталған

AstanaTV
03.06.2016ж. 20:00
Германиядан импортталған 32 тонна ет өнімінен эхинококкоз ауруы анықталған

Шетелден жеткізілген еттерден қауіпті вирус табылды. Сондықтан Астанада ет пен балық өнімдері қатаң тексеруден өткізіліп жатыр. Ветеринарлық қадағалау комитеті әсіресе импортталған тауарларға бақылауды екі есеге күшейткен. Таяуда Германиядан жеткізілген 32 тонна сиыр бауырынан эхинококкоз ауруы анықталып, шекарада шұғыл жойылған.

Жалпы 2015 жылдан бері инспекторлар сальмонеллез ауруы бар 98 тонна құс еттін өртепті. Бүгінде Елордада ет өнімдерін саудалайтын ірілі-ұсақты 14 базар жұмыс істейді. Онда соңғы 5 айда 70-ке тарта ішкі санитарлық талап бұзылып, 3 млн теңгеге айыппұл салынған. Тағы құжатсыз саудаланған 60 келі ет тәркіленген.

Айтбай Тайжанов, Астана қалалық аймақтық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының жетекшісі:

Германиядан 32 тонна бауыр еті келді. Оның ішінен эхинококкоз ауруы анықталды. Оны біз арнайы зертхананың қорытындысымен техникалық пайдалануға жібердік. Оны бірден саудаға жіберген жоқпыз. Ондай жағдайдар енді болып жатыр. Кеден одағынан, шетелдерден көп келеді. Мысалы, Украинадан құс еттері келеді. Америкадан да да келеді.

Әкімдік дерегі бойынша, жыл басынан бері Астанаға 7 мың тонна сиыр, 4 мың тонна қой, 910 тонна шошқа және 1 мың 200 тонна жылқы еті кіргізіліпті. Өнімдердің дені Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысынан жеткізілген.  


Құралай ПИОНЕР