$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Валюта қоры Кавказ бен Орталық Азия елдерінің экономикалық әлеуетін саралады

AstanaTV
19.05.2015ж. 13:00
1562
Валюта қоры Кавказ бен Орталық Азия елдерінің экономикалық әлеуетін саралады

Кавказ бен Орталық Азия елдерінің экономикалық белсенділігі 2015 жылы едәуір әлсіреген. Бұл туралы Алматыда Ұлттық банкте өткен жиында, Халықаралық Валюта Қоры өкілінің баяндамасында айтылды. Аталған аймақ мемлекеттерінің қаржылық қиындықтарға тап болуына бірнеше фактор әсер еткен. Олар-биржалық тауарлар бағасының төмендеуі, мұнай бағасындағы тұрақсыздық. Одан тыс ТМД мемлекеттеріне Ресей экономикасындағы құлдыраудың екінші толқыны әсер етпей қоймады,- делінген валюта қорының арнайы бюллетенінде. Халықаралық ұйым өкілінің баяндамасын тыңдап, оның қорытындылары бойынша Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетов те ой бөлісті. Ресейде өткен жылы  3,8 пайыз экономикалық әлсіреу байқалды. Бірақ аймақтағы елдердің ішінде Қазақстан мен Әзірбайжан экономикалық тәуекелдерге дайын болған. Сондықтан бұл мемлекеттерде қаржылық дағдарыстың ауыртпалығы аса білінбеді,- дейді Ұлттық банк басшысы.  Халықаралық Валюта Қорының өкілі Кавказ бен Орталық Азия елдері үшін қысқа мерзімді болжамдар қорытындысын жария етті. Оның сөзіне қарағанда, биыл жыл соңына дейін өңірде экономикалық және қаржылық тұрақсыздық байқалады.

Юхи Кяхконен, ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары:

Қысқа мерзімді болжамдар бойынша, әлемдік нарықтағы мұнайдың бағасы сол күйінде қала береді. Тіпті Ресей экономикасындағы өсім де оның қайта қымбаттауына әсер ете қоймайды. Кавказ және Орталық Азия мемлекеттерін экономикалық тығырықтан шығаратын басты бағыт, ол-өндіріс. Сондықтан бұл мемлекеттер қаржылық қыспақтан шығу үшін өнім өндіруге көңіл бөлгені жөн. Экономикалық өсім өндіріске тәуелді екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ