Тобыл өңірінде жасөспірімдердің
өз-өзіне қол жұмсау фактісі азаймай отыр. Жыл басынан бері аймақта 6 оқушы
өмірмен қош айтысты. Тағы 6 жеткіншектің өзіне қол салмақ болғаны анықталған.
Қоғамда белең алып бара жатқан қасіретті көрініске атүсті қарауға болмайды, - дейді ұстаздар.
Мәселенің алдын алу
үшін ішкі істер департаментінің өкілдері білім басқармасымен бірлесе отырып
арнайы жиын өткізді. Онлайн режимде өткен ауқымды шарада өңірдегі 150 мектеп
пен колледждердегі 3 мыңға жуық шәкірт пен ата-аналар қамтылды. Семинарға
қатысқан психологтар тыңдаушыларға ақыл-кеңес берді. Әсіресе, балғындарды
ғаламтордан барынша алшақ ұстау қажеттігін баса айтты. Жасөспірімдердің
өз-өзіне қол жұмсауына түрлі сайттарда осы тақырыпта жарияланған дүниелердің де
түрткі болуы мүмкін деген болжам бар.
Гүлмира Лежнина, Қостанай ОІІД ювенальды полиция бөлімшесінің басшысы:
Өз-өзіне қол жұмсаған бір жасөспірімнің жанынан
ноутбук табылды. Ол суицидті дәріптейтін
сайтқа кіріп, жазбалар қалдырған. Міне, осындай себептер белгілі болып отыр.
Бастысы - ата-аналар балаларының
іс-қимылын үнемі қадағалап, назар аударып отыруы керек.
Заңғар САНАЙ