Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

ЭКСПО ісі бойынша сот үкімі 10 маусымда шығарылады

AstanaTV
03.06.2016ж. 20:00
1534
ЭКСПО ісі бойынша сот үкімі 10 маусымда шығарылады

Атышулы ЭКСПО ісі бойынша айыпталғандарға сот үкімі маусымның 10-ында кесіледі. Бұл туралы судья Әділхан Шайхисламов мәлімдеді. Ал бүгін айыпталғандарға соңғы сөз айтуға мүмкіндік берілді. Аса ірі көлемде ақша жымқыру фактісі бойынша сотқа тартылған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияев тағылған кінәні мойындамады. Ақша жымқырмағанын айтып, ант-су ішіп отыр. «Тергеу де ешқандай офшорлық есеп шоттарымның жоқтығына көз жеткізді», - деді.

Талғат Ермегияев, айыпталушы:

«Астана Экспо 2017» ұлттық компаниясына келтірген залалды тергеу ойлап тапты. Айыптары заңсыз, еш дәлелі жоқ. Олар өз жұмыстарын асырып көрсеткісі келеді. Осылайша қоғам алдында бізді қараламақ. Мен, біреулерге осылай керек болған соң, кінәлі болдым. Қылмысқа барған жоқпын. Менің сағымды сындырмақ. Бірақ олардың қолдарынан келмейді. Құрметті сот, бұл іс немен тынарын біліп отырмын және кез-келген үкіммен келісемін.

Еске салайық, «Астана Экспоның» экс-басшысы 2015 жылдың 12 шілдесінен бастап үй қамақта отыр. Тергеу келтірген мәлімет бойынша, ұлттық компанияның 10 миллиард теңгесі талан-таражға түскен. Оның 4 миллиардтан астамын экс-басшы қалтасына басты деп айыпталды. Прокурорлар оны 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Талғат Ермегияевпен бірге айыпталушылар орнында тағы 22 адам бар. Олардың 14-і тағылған айыпты мойындады.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА