$515.03 €584.82 ₽6.24
×

Қазақстанда жерді жеке меншікке берудің жаңа механизмдері әзірленуде

AstanaTV
15.05.2015ж. 20:00
1309
Қазақстанда жерді жеке меншікке берудің жаңа механизмдері әзірленуде

Қазақстанда жерді жеке меншікке берудің жаңа механизмдері әзірленуде. Сондай-ақ жаппай жекешелендірудің тетіктері де қарастырылуда. Бұл туралы Сенатта «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлері мен ресурстарын пайдалану туралы заңды жетілдіру жөніндегі» дөңгелек үстел барысында еліміздің Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Айтуынша, 2012 жылы Қазақстанда жеті жарым миллион гектарға жуық аумақта ауыл шаруашылығына арналған 19 мың игерусіз жер телімдері анықталған. Қолданыссыз жатқан жердің 91 пайызы шаруа қожалықтарының меншігінде болған. Қорытындысында мемлекеттік меншікке 1,2 миллион гектар ауыл шаруашылығына арналған жер телімдері қайтарылған. Ал 2013 жылы тағы 532 мың гектар мемлекеттік меншікке өткен. «Қазіргі таңда 2014 жылы игерілмеген жерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді вице-министр.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 мамырда ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жекешелендіру мәселесін бастау керектігін айтқан болатын.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Президенттің жер мәселелеріне қатысты институционалдық реформаларын іске асыру үшін, Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдардан және министрлік өкілдерінен арнайы топ құрылған. Олар бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді әрі мақсатты пайдалану мәселелерін қарастыруда. Жерді жеке меншікке берудің жаңа механизмдері, сондай-ақ жаппай жекешелендірудің тетіктері де әзірленуде. Қажетті заңнамалық негіз қалыптастырылғаннан кейін ол Парламенттің кезекті күзгі сессиясында ұсынылады. 

Жұрағат БАМАН