$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Қарағандыдағы денсаулығына байланысты жұмыстан кеткен бұрынғы кеншілер 63 жасқа толысымен жәрдемақыдан қығылуы мүмкін

AstanaTV
15.05.2015ж. 20:00
Қарағандыдағы денсаулығына байланысты жұмыстан кеткен бұрынғы кеншілер 63 жасқа толысымен жәрдемақыдан қығылуы мүмкін

«Арселлор» компаниясы кеншілер есебінен тағы үнемдемек. Қарағандыда денсаулығы жарамай жұмыстан кеткен 3 мыңға жуық бұрынғы кенші осы айдан бастап тағы да жәрдемақысыз қалуы мүмкін. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылығы 63 жастан асқан бұрынғы кеншілерге, яғни қазіргі мүгедектерге, өтемақы төленбейтінін мәлімдеді. Бұл туралы бүгін «Қорғау» кеншілер кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Миргаязов арнамызға берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, компания «зейнет жасына толған бұрынғы кеншілерге жәрдемақыны үкімет төлеуі тиіс» деген ұйғарымға келген.

Марат Миргаязов, «Қорғау» кеншілер кәсіподағы ұйымының төрағасы:

Компанияның бас директоры Виджай Махедеван барлық жәрдемақыларды тоқтату туралы бұйрық шығарды. 63 жастан асқан шахтерлардың көптігін ескерсек, бұл қаншама адамды үмітінен айырумен тең. Сонда олар 63-тен асқан соң емделмей ме?!

Марат Миргаязовтың айтуынша, компания басшылары мамырдың тоғызынан бастап регрессниктерге жәрдемақы төленбейтіні туралы бұйрықты шахталарға таратып үлгерген. Аймақтағы тілшіміз «Арселор Миттал Теміртау» тарапынан қандай да бір ақпарат алуға тырысқанымен, компания - тым-тырыс.

Айта кетейік, кеніште ұзақ уақыт көмір қазып, денсаулықтарынан айырылған азаматтардың ем-домы үшін 2005 жылдан бері ақы төленіп келген. Регрессниктер оған 4 жыл бойы дауласып, әрең қол жеткізген болатын. Көпшілігі кен орнында алған жарақатынан жұмыс барысында мүгедек болып қалғандықтан, мемлекеттен лайықты зейнетақы алатындай қаржы жинай алмағандарын алға тартады. Мәселенің мән-жайын анықтағысы келген «Қорғау» кәсіподақ ұйымы бүгін еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жолдады.

Айжан ҚУАШ