Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Атырау облысы әкімінің сөзіне ашулы атыраулықтар шу шығарды

AstanaTV
15.05.2015ж. 20:00
1646
Атырау облысы әкімінің сөзіне ашулы атыраулықтар шу шығарды

Баспаналары жауыннан суға малынған атыраулықтар наразы. Олар өңір басшысының далада қалған жерлестеріне қолдау көрсетудің орнына көмектен бас тартқанына ренжулі. Кеше Атырау облысы әкімі тасқыннан зардап шеккендерге жаңа баспана берілмейтінін мәлімдеген. Нөсер жауыннан кейінгі тасқыннан баспаналары тұруға жарамағандықтан, 500-ден астам тұрғынның мектептердің спорт залдарында түнеп жүргеніне төртінші күн. Арнайы комиссия қазір арыз бойынша суға кеткен үйлердін жағдайымен танысуда. Ал  аймақтағы бас санитарлық дәрігер  жұқпалы аурулар өршімеуі үшін, ауыз сумен қамтитын мекемеге су құрамына қосылатын хлорды арттыруды тапсырды. Атыраудан тілшіміз Базаргүл Нәдірқызының репортажы.

Облыс  әкімнің  «үй бермейміз» деген сөзі  нөсерден онсыз да  барынан айырылып,  үш түннен бері мектепті мекен еткендердің ашуына тиді.  №2 орта мектепке уақытша қоныстанған  300-ге жуық адамның уайымы  ортақ, ол - баспана.

Менің келіншегім жүкті, 8 айлық. 1 айдан соң босанады. Қайда барамыз? Үйіміз жоқ. Бәрі су астында қалды. Әкім ештеңе бермейді, үй бермейді,  қаржы бермейді. Қайтеміз?

Халық, егер жағдайымыз болса, спорт залға келер ме едік,- деп  әкімге өкпе артып отыр. Олар комиссияның шешімін асыға күтуде. Қала бойынша құрылған 11 комиссия  кешелі бері суға кеткен үйлерді аралап, фотоға түсіріп, жағдайымен танысып жүр. Бейімбет Майлин көшесіндегі мына үйге  бұрылған комиссия мүшелері  киіп келген резина етігін ауыстыруға тура келді. Өйткені су жарты метрден асады. Үй осымен төртінші күн суда тұр.

Меруерт Бектеубаева: 

Сарапшылар 50-60 см су келіп тұр,- деп тұр. Үйдің ішіне кіріп көріп шықты. Кепкен жағдайда, сорған жағдайда бұл үйге тұруға мүмкіншілік жоқ сияқты деп ойлаймын өзім.

Комиссия мүшелері, шешім шығаруға әлі ерте, дейді. Айтуларынша, баспананың жағдайын  бағалау үшін су толық сорылуы  тиіс.

Иосиф Цынк, ғимараттардың техникалық жағдайын бағалау жөніндегі сарапшы:

Техникалық жағдайына баға беру үшін, алдымен баспаналар судан тазалануы тиіс. Кесектен салынған үйлер енді 2-3 күн суда тұрса, отырып қалады. Қамыс үйлер де мүжілуі мүмкін. Қазір айту қиын. Іргетастарды қарау керек. Үйлердің іргетастары көбінде топырақтан, ол мүжіліп жатыр.

Қанат Әзмұханов, төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлерді тексеру  комиссиясының төрағасы:

Комиссия құрамына мәслихат өкілдері, яғни «Нұр Отан» партиясы өкілдері, ТЖ өкілдері, архитектура өкілдері, бағалаушылар, жобалаушылар бар. Әрқайсысы жеке қорытындылар шығарып, бір қорытындысы шығады.

Төтенше жағдай департаментегілер болса, техниканы қала маңындағы мөлтекаудандарға топтастырған. Қаладағы су басқан үйлерді судан толықтай тазарттық, - дейді.

Оралхан Стамғазиев, Атырау облысы ТЖД бөлімі бастығы:

Бүгінгі күннің мәліметі бойынша, 25 мың текше метр су шығарылып, тұрғындардың аулалары мен үйлері судан құтқарылды.

Алайда қаланың өзінде арнайы мамандардың көмегін күтіп отырғандар жетерлік. Айта кетейік, бір түнде Атырауға 4 айлық жауын-шашын нормасы түскен. Қатты жауыннан 250-ден астам үй су астында қалды. Баспанасын су басқан  500-ден астам адам мектептерге орналастырылған болатын. 

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ