Биыл
Ұлттық бірыңғай тестке тың өзгерістер енді. Енді 11 жыл үздік оқыған
оқушылардың еңбегі зая кетпейді. Білім және ғылым министрлігі осындай уәде
беріп отыр. Сонымен, 2015 жылдан бастап аттестатқа Ұлттық бірыңғай тест
балы мен пән бойынша алынған жылдық бағаның орташа есептелген көрсеткіші
қойылады. Яғни 11 жыл бойы беске оқып, Ұлттық тестте 4 не 3 алып қалған
оқушының аттестатына 5 не 4 деген баға қойылады. Мұндай аттестаттау мектеп
бітірушілерге түсетін психоэмоционалдық жүктемені азайтуға мүмкіндік беру үшін
жасалып отыр, - дейді, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің
төрағасы. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы - енді тест қорытындылары ашық
жарияланбайды. Енді ол құпия ақпарат. Ұлттық тест қорытындысын тек түлектің
жеке сәйкестіндіру нөмірі бойынша білуге болады.
Саят
Нүсіпов, ҚР Білім
және ғылым министрлігі Білім
және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы:
Кейбір жағдайда, оқымаған, оқығысы келмеген оқушылар
сәттіліктің арқасында, не көшіріп, не ережені бұзып, тықпа заттардың көмегімен Ұлттық бірыңғай тестте жоғары балл алып кетеді. Бұл, әрине, әділетсіздік. Ол 11-12 жыл жақсы оқыған оқушының
«грантын» тартып алуы ықтимал. Сондықтан енді аттестатқа ортақ баға қойылады.
Биыл
тестті тапсыру мерзімі де өзгертілген. Енді сынақ 2 апта бойында өтеді.
Сондай-ақ Ұлттық біріңғай тестті өткізу пунктерінің саны онға артып, жалпы саны
республика бойынша 165-ке жетті. Тәртіп те күшейтілген: әр аудиторияға
қойылатын камералар саны да, қосымша тексеру құралдары да көбейтіліпті. Тест
барысын тікелей министрліктің 2 мың өкілі бақылайды. Үстіміздегі жылы мектеп
қабырғасын 125 мыңға жуық түлек тәмамдайды. Оның ішінде 87782-сі ҰБТ-ға
қытысуға өтініш берген, ол жалпы мектеп бітірушілердің 71 пайызы. Тест
тапсырмаларының базасы 20-30 пайызы жаңартылып, 21200 жаңа сұрақпен
толыққан.
Қали Әбдиев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу
орталығының директоры:
Ешқандай
сұрақ мектептің бағдарламасынан тыс болуы мүмкін емес, әрине. Жылда сараптама
өткіземіз. Биылда 2 рет сараптама жұмыстар өткізілді. Оның үстіне жыл сайын біз
мектептерге тест кітаптар шығарамыз. Биылғы жылы 900 мыңнан астам данамен
мектептерге таратылды. Олардың барлығында сол ҰБТ былтырғы жылдардағы тесттер
берілген. Сондықтан тест тапсырмаларының сапасы әр уақытта бақылауда.
Биылғы
Ұлттық бірыңғай тест науқанында тағы нендей тың өзгерістер бар? Өткен жылдардан
айырмашылығы, артықшылығы, не жеңілдіктері мен қиындықтары бар? Толығырақ ертең
«Астана» арнасында «20.30 Біздің уақыт» бағдарламасынан көре аласыздар.
Берік ХАСЕНОВ