Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

«Нұр Отан» партиясы соғыс ардагерінің үйін жөндеуге көмектесті

AstanaTV
03.06.2016ж. 20:00
1707
«Нұр Отан» партиясы соғыс ардагерінің үйін жөндеуге көмектесті

Қарағанды облысының Долинка кентінде тұратын соғыс ардагеріне «Нұр Отан» партиясының өкілдері көмек қолын созды. Қарияның ескі үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Мұнан өзге де екі жүздей қарт тұрғынға жәрдемдесу жоспарланып отыр. Партияның Қарағанды өңіріндегі өкілдерінің қайырымды істері жайлы Айжан Қуаш баяндайды.

95 жастағы Николай қария Долинка кентінде жалғыз қызының қолында тұрады. Ескі баспанасы құлауға шақ қалған соң, "Нұр Отан" партиясының облыстық қоғамдық қабылдауына келіп, көмек сұраған. Нұротандықтар ардагердің өтінішін жерге тастамады. Кәсіпкерлердің демеушілігімен қария үйінің қабырғасы қапталды. Соғыс ардагері дән риза.

Николай Чирышев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Ағаш үй құлайын деп тұр, көмектесіңіздер дедім. 3-ақ күнде қаптап тастады. Көне баспанам тап бір сарайға айналғандай болып, қуанып қалдым.

Сәбит Бдуов, Қарағанды облысы Долинка кентінің әкімі:

Ескі үйін суретке түсіріп алып, ардагердің жай-күйін кәсіпкерлерге көрсеттік. Бизнесмендерді бұл жағдай бей-жай қалдырмады. 17 кәсіпкер шама-шарқына қарай ақша шығарып, жарты млн теңге жинады. Өз күштерімен қабырғасын қаптап берді.

Николай ақсақалды бүкіл ауыл құрметтейді. Ол - соғыс басталысымен әскер қатарына алынып, жеңіске дейін қан майданда болған жауынгерлердің бірі. Сарбаздарға зеңбірек, қару-жарақ тасыған. Латвия мен Мәскеуді құтқаруға, Берлинді басып алуға қатысты. Жау жеріне дәл осы жауынгер әкелген соңғы зеңбірек жарылысымен, немістердің кеңес әскеріне берілгенін біреу білсе, біреу білмейді. Жеңістен кейін Николай атай қазақ жерінде қалды. 4 бала, 11 немере сүйді. 40 жыл Долинка кентінде орман шаруашылығында жұмыс істеді. Қазір де ауласында көкөніс өсіріп отыр.

Николай Чирышев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Еңбек ету керек. Еңбек өмір сүруге, алға ұмтылуға көмектеседі.

Айжан Қуаш, тілші:

Бұл үйдің шатыры соңғы жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген. Кәсіпкерлер енді баспананың төбесін ауыстыру үшін қаржы жинауға кірісті. Сәтін салса, ардагер келесі Жеңіс күнін жаңа баспанада қарсы алады.

Долинка кенті қарайтын Шахтинск қаласының «Нұр Отан» филиалы ай сайын ауылдықтарды қоғамдық қабылдауға шақырады. Тұрғындар көбінесе баспана, жол, денсаулық мәселесімен келеді. Соңғы бір жылда түскен 110 арыздың 90-ы шешілген.

Амантай Қаржасов, «Нұр Отан» партиясы Шахтинск қалалық филиалының төрағасы:

Өткен тарихсыз болашақ болмайды. Біз үлкен кісілерге құрмет көрсетсек, оны жастар көрмей ме?! Бәрін саралап, бақылап отырады. Екінші мәселе, неполный семьялар бар. Қарағанды облысында ДЦП мен ауыратын 13 мың бала бар екен. Солардың бәріне көмектесуге тырысамыз.

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауының белсенділері кәсіпкерлермен бірге әлі талай істерді атқармақшы. Оның бірі - «Мектепке жол» акциясы. Сондай-ақ, алдағы уақытты 2 жүзге жуық қарияны қысқы отын-сумен қамту да жоспарда бар.

Айжан ҚУАШ