Қазақстандық тарихшылар
Ресейден Алаш әскері жайында тың деректер әкелді. «Нұр Отан» партиясының
қолдауымен ұйымдастырылған «Аманат» пікірсайыс клубының отырысында алғаш
таныстырылған Ресейден жеткен құжаттарда Ақ
гвардияның қатарында большевиктерге қарсы соғысқан 600 қазақтың тізімі бар.
Тарихшылардың қолында бастапқыда «алаш әскері», «қазақ полкі» немесе «халық
милициясы» деген түрлі атаулармен белгілі жасақтардың болғандығын растайтын,
және кейін олардың большевиктермен күресте Ақ гвардиямен күш біріктіргенін
растайтын суреттер мен жазбалардан бөлек, бейнетаспа бар. Ерікті жасақтарды ел
ішінен Алаш көсемдері ұйымдастырғанын және олар Колчак әскерінің қатарында
келісімшартпен соғысқанын дәлелдейтін құжаттар бар.
Берік Әбдіғалиұлы,
тарихшы:
Колчак армиясының қатарында бес алаш полкі болғаны, сол документтер, сосын үш полктің негізгі құжаттары
табылды. Ол жерде негізігі соғысқан Шығыс Қазақстан облысы, Семей, Жетісу
өңірі, негізгі соғыстар Аягөз, Мақаншы, Ұржар, Үшарал, Лепсі, Қапал, Сарқанд,
Жәркент төңірегіндегі жиырмасыншы жылдарға дейінгі соғыс. Біз 600 азаматтың
тізімін таптық, ал деректерге қарағанда, 2000-2500 жуық қазақ әскері Ақ
гвардияның қатарында.
Көпшілік назарына бүгін 1919
жылы француздар түсірген бейнетаспа ұсынылды. Оны 2005 жылы Франция Ресей
елшілігіне тапсырған. Онда атаман Дутовтың Колчакпен Омбыдағы кездесуінде шағын
топтың ішіндегі қазақ ұлтты әскерилер анық көрінеді. Тіпті француз генералының
жасаған суреттеріндегі жазбасында «Дутовтың «киргиз» оққағары» деген анықтама
бар. Бұл тақырып кеңірек сенбі, 20:30 «Біздің уақыт» ақпараттық-сараптамалық
бағдарламасында баяндалады.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ