Ресей
келер жылдан бастап Қазақстан мен басқа да ТМД елдері арқылы келетін түрік
жемісі мен көкөнісінің реэкспортын бақылауды күшейтпек. Ал түрік кәсіпкерлері
шығынға шаш етектен батып жатыр. Туризм де шатқаяқтап тұр. Анадолы жерінде жыл
сайын 4 миллион ресейлік саяхаттайтынын ескерсек, қағылатын пайда көлемі де
қомақты болғалы тұр. Британдық «Капитал экономикс» компаниясы, енді бір де бір
орыс туристі ат ізін салмаса, келер шығынды 3 миллиард долларға бағалады.
Саясаттың салқыны кімнің арқасына аяздай батты? Самат Сүлей тарқатады.
Анадолы
жеріне демалуға келетін туристердің саны жағынан Германия алғашқы орында. Онан
соң ресейліктер тұр. Түрік билігінің орыс ағайындар үшін алаңдауы да бекер
емес. Егер Ресейдің 1 миллион саяхатшысы Түркияға саяхаттаудан бас тартса,
шамамен 1 млрд доллардан қағылады.
Четин
Гүржун, Түркия саяхат агенттіктер қауымдастығының бас хатшысы:
Біздің
агенттік зерттеуінше, рубль құнсызданғанда, ресейлік демалушылар 25-30 пайызға
төмендеді. Сол үшін үкіметіміз арнайы бағдарлама қабылдаған еді. Мәселен,
Ресейден 400 мыңнан аса турист әкелген турфирмаға 100 млн лираға дейін несие
беріледі. Ресей - үлкен нарық. Өкіншке орай, келер жылы мүлдем келмей қалу
қаупі бар.
Ресми
Анкараға «ашуланған» Ресей билігі Түркияға қатынайтын 30 мың чартерлік рейсті
тоқтатып тастаған. Осы санкция салдарынан жүздеген турфирма қызмет көрсете
алмай отыр. Мұны Ресейдегі түрік азаматы Мерт Самет айтты. Ол әуежайда қатаң
тексерілгеніне алаңдаулы.
Мерт
Самет, Ресейдегі Түркия азаматы:
Ыстамбұлға
жеке шаруаларыммен келдім. Негізі менің бүкіл кәсібім және отбасым Мәскеуде. Ол
жақта уақытша тұрып, шаруамды дөңгелетіп жүргеніме он жылдан асты. Әрине, әлі де
Түркия азаматымын. Бірақ ертең Мәскеудегі менің жағдайым не болмақ деп, алаңдап
келдім. Себебі шекарадан шығарда өте көп сұрақ қойып, ұзақ ұстады.
Түркияның
Мәдениет және туризм министрілігінің мәліметіне сүйенсек, Анталия қаласында
демалатын туристердің 50 пайызы - ресейліктер. Қазір мұндағы қонақ үйлер бос тұр.
Эрдем
Синан, кәсіпкер:
Соңғы екі апта ішінде келушілердің 40-50 пайызын жоғалттық. Қазір бөлмелеріміз бос,
дәмханаларымызда адам аз. Қатты алаңдап отырмыз. Қонақ үйіме келетін
туристердің 70-80 пайызы - Ресей азаматтары. Оларды сайтымыз арқылы шақырып
жатырмыз. Өкінішке орай, саясаттың салқыны қаншама кәсіпкерге кесірін тигізді.
Самат
Сүлей, тілші:
Түркия
премьер-министрінің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Мехмет Шимшектің айтуынша,
егер Ресей мен Түркияның барлық салада байланысы тоқтайтын болса, Түркия тарапы
екі ел арасындағы алыс-берістен түсетін 9 миллиард доллардан қағылмақ. Оның
үштен бір бөлігі дәл осы туризм саласына тиесілі.
Самат СҮЛЕЙ