Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Сапасыз жолдың кесірінен болатын апаттарға кім жауапты болмақ?!

AstanaTV
10.12.2015ж. 20:00
1536
Сапасыз жолдың кесірінен болатын апаттарға кім жауапты болмақ?!

Енді көлік апаты сапасыз жолдардың кесіріне орын алса, мемлекеттік коммуналдық мекемелер де жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай ұсынысты көлікті сақтандыру компаниялары көтеріп отыр. Алайда бұл мәселені реттейтін заң жоқ. Халықаралық тәжірибеде жол-көлік оқиғалары кезіндегі жауапкершілік бәріне теңдей бөлінген. Тараптарды тыңдап көрген әріптесім Ришат Асқарбекұлы тақырыпты тарқатады.

Райымбек батыр даңғылы мен Иса Байзақов көшелерінің қиылысында ашық қалған люк апатқа себеп бола жаздады. Руслан Сауытбаев көлігімен келе жатып, оны байқамай қалғанын айтады. Автомобиль дөңгелегі тесікке кептеліп қалған.

Руслан Сауытбаев, көлік жүргізушісі:

Бетін ұрлап кете ме, әлде сынып қала ма? Қайда кететіні белгісіз. Тұрмыз енді, көріп тұрсыз. Алдыңғы шаровойым кетті, рычаг, сайлент блогы сынды. Толық түсіп тұр, міне, дөңгелегім.

Мұндай жағдайларда жауапкершілік көлікті сақтандырушылар мен жүргізушілерге артылады. Бірақ көлік сақтандырумен айналысатын компаниялар бұған наразы. Кепілдендірілген сақтандыру төлемдері қорын басқаратын Марина Шипавалова осы іспеттес жағдай көптеген дауға себеп болатынын айтады.

Марина Шипавалова, сақтандыру қорының директоры:

Қардан тазаланбаған жол немесе ашық қалған люктің кесірінен орын алған жол-көлік оқиғаларынан соң, әкімдікті жауапқа тарту мүмкін емес. Бірақ мұны арнайы заң арқылы енгізуге болар еді. Қазір үшінші тараптың, яғни жолға қалай болса, солай қарайтын мекемелердің жауапкершілігі жүргізуші мен сақтандырушыларға артылып отыр.

Көлік апаты тазаланбаған немесе ой-шұңқырлы жолдың кесірінен болғанда, міндеттелген сақтандыру бойынша көлік иесіне шығын өтеледі. Сақтандыру компаниялар қауымдастығы жолға жауапты мемлекеттік мекемелерді сотқа берген жағдайлар болған. Алайда көп жағдайда шағымданушы тарапты сот қолдамаған.

Эдуард Эдоков, тәуелсіз автомобилистер одағының төрағасы:

Бұл азаматтардың өзіне де байланысты. Зардап шеккен жүргізуші коммуналдық компанияларды сотқа беріп, жолдың сапасыздығын айтып, істі аяғына дейін жеткізсе, бұл-көпке үлгі болар еді. Бірақ оған ешкім барғысы келмейді. Ал сақтандыру компаниялары соттасуы үшін заң тетіктері қажет. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселенің құқықтық жағы реттелмеген.

Сарапшылардың пікірінше, сапасыз жолдың кесірінен болған жол апаттарын дәлелдеу қиындық тудырмайды. Ұялы телефонның камерасына түсіріп, полицияға арыз жазу керек немесе сақтандыру компаниясының өкілін шақырған жөн деп кеңес береді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қыстың келуімен бірге жол-көлік оқиғалары да көбейеді. Бірақ қардан тазаланбаған көшелер кесірінен болатын апаттар туралы арнайы санақ жүргізілмейді. Ал Еуропаның дамыған елдерінде заң талабы өзгеше. Тайғақ көше немесе ашық қалған люктердің салдарынан болатын оқиғаларға жергілікті атқарушы билік те жауап береді, - дейді мамандар.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ