$532.74 €617.23 ₽6.77
×

Әбіш Кекілбаев өмірден озды

AstanaTV
11.12.2015ж. 20:00
3771
Әбіш Кекілбаев өмірден озды

Қазақ руханияты қара жамылды. Бүгін түнде халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев өмірден озды. Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан, өмірінің соңғы жылдары бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған абыз ақсақал 76 жасында Астанадағы үйінде көз жұмды. 

"Біз соғыс тұсын көрген ұрпақпыз, біз ұшақтан қатты қорқушы едік. Ұшақ келе жатыр дегенде, бауырына бомбасын құшақтап, әзірейлдің өзі түсіп келе жатқандай қорқатынбыз. Сол үлкен қорқыныштан әліге дейін, біразға дейін арыла алмай, қазір бәріміз оны ұмыттық".

Бұл күні кеше Әбіш ағаның сенат мінберінен сөйлеп тұрған сәті. Депутат, армия генералы Мұқтар Алтынбаевты мерейтойымен құттықтай келген. Соғыс жылдарындағы ұшқыштардың ерлігін майын тамызып әңгімелеп берді. Өзі көңілді, тың, сергек.

70 деген жігіттің жасы дейді, сол өтірік болмады ғой, рас екен, қазір көзіміз көріп келе жатыр.

"Шындық тақ, өтірік жұп, айла егіз Айқұшақ аймаласқан фәнилік із. Бақиға басың жалқы аттанасың...", - деп өзі жазғандай, Әбіш Кекілбаев мәңгілік мекенге кетті. Жазушының Астанадағы үйіне үзеңгілестері бірі қалмай ағылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев та қаралы отбасына көңіл айтып кіріп шықты. Иә, Кекілбаевтың ел тәуелсіздік алғаннан кейінгі өмірі үлкен саясатпен тығыз байланысты. 6 жыл Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты болды. Дейтұрғанмен, дара тұлғаға мәңгілік өмір сыйлайтын оның қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз еңбегі болса керек.

Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы:

Тарихты өте көп оқитын, Қытайдың жазғаны, әр жерден, мен баспада істедім ғой, тіпті кейбір кітаптарды сұратып алатын. Пичуриннің 3 томдығы шықты, соны сұратып алды. Оны басқа да жолдармен де алуға болатын. Бірақ кітап сұрау, кітап оқу дегеннен арланбайтын. Кез келген шығармасын оқыңызшы, әр жағында бір тарихтың елесі тұрады. Тарихты терең білетіндігі көрініп тұрады, тарихты білмеген шығарманың өзі терең тамырлы болмайды ғой. Әбекеңнің басқа жазушылардан ерекшелігі де өзі осы еді.

Ол соғыс көрген буын Әуезов, Мүсірепов, Мұстафин, Мұқановтардан тәлім алған тұлға. Кеңістікте ешкімге ұқсамайтын өлшем өрісін тану үшін, шайырдың шығармаларымен жете танысқан керек.

Исраил Сапарбай, ақын:

Сонау студент кездерінде жазған әңгімелер, "Ханша дария" хикаясы деген керемет, сол кездің өзінде Шыңғысханның кім екенін оқырманға көрсеткен. Аудармасымен де әлем әдебиетіне, түркі дүниесіне үлес қосты. Өзінің салмақтылығы, ерекше парасаттылығы, өзім ойлаушы едім, қазақ топырағынан әдебиет пен өнерден бір Нобель сыйлығын алатын адам болса, Әбекең дайын тұр деп.

Ең бастысы, өмірге адам болып келіп, азамат болып өту деген ғажайып бақ бұйырған Әбіш Кекілбаевтың мәңгілікке айналған болмысын сан қырлы құндылықтармен байланыстырған жөн дейді, көз көргендер.

Нұрлан Оразалин, ақын, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Әдебиеттің ғана қорығына қамамай, біз Әбекеңді қоғам ел, тарих тағылымға толып жатқан осындай категориялардың қанжығасына  толық байлауға болатын тұлға. Біз сондай адамнан айрылып отырмыз.

Маңғыстау облысы Оңды ауылында дүниеге келген Әбіш Кекілбаев түбектің өткені, бүгіні, болашағы туралы үнемі толғанып жүретін.

Әкім Тарази, жазушы:

Тойдың үстінде екеуіміз бір оңаша теңіз жаққа шығып кетіп едік, сонда айтты: "Той, той ғой, Әкім, мені дегенмен әлі де Маңғыстаудың болашағы не болады, сол мені толғандырады", - деді. Мен айттым: "Ол бәріміздің жүрегімізде жүрген ой, ол болашақтың міндеті", - дедім.

Халық жазушысын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі жексенбі күні Астанада өтеді. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ