Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды

AstanaTV
11.12.2015ж. 20:00
1852
«Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды

«Алтын сапа» байқауының жеңімпаздарына мемлекеттік сатып алулар бойынша бірқатар жеңілдіктер жасалуы мүмкін. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев айтты. Биыл алғаш рет үздіктерді марапаттау рәсімін өткізу ұлттық палатаға тапсырылды. «Атамекен» жаңашылдығын енгізбей қоймады. «Іскер» арнайы сыйлығын тағайындады. 

Үздік атануға әркімнің-ақ бар таласы. Бүгін жыл көлемінде аянбай тер төккен отандық компаниялардың еңбегінің тәтті жемісін тататын күні. Мықтылар мен жүйріктерді анықтайтын «Алтын сапа» Президент сыйлығына биыл 10 жыл. Байқауға қатысуға 153 өтініш түскен. Кәсіпорындардың мықтысын анықтайтын «Парыз» байқауы да өз ісінің майталмандарын бағалап, үздігін сорпа бетіне шығарды.

Ал сорпа бетіне шыққандар аз емес. Тауары мен қызметін ұсынып, өз қатарластарынан оқ бойы оза шапқандар бірінен соң бірі қошеметке бөленіп жатты. "Алтын сапа" байқауы бойынша және Қазақстанның үздік тауары аталымында тоғыз жүлдеден берілді. Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы бойынша 24 жүлде тағайындалды.

«Алтын сапа» байқауы бойынша гран-при иегерлерін президенттің өзі марапаттады. «Алтын сапа» сыйлығы «Өндірістік мақсаттағы», «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын»және «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорындар» номинациялары бойынша табысталды.

Фуат Сатыбаев, «Мойылды» шипажайының бас директоры, "Парыз-2015" байқауының жеңімпазы:

Бұл байқауда алған сыйымыз болашақта бір бұдан да үлкен жетістіктерге жетуге жол болады деп есептеймін. 

Қуаныш Бишімов, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры, «Алтын сапа-2015» байқауының жеңімпазы:

Петропавл ауыр машина жасау зауыты - машина жасау саласындағы ең ірі мекемнің бірі. Біз мұнай химиялық, мұнай-газ салаларына қондырғылар жасауда көшбасшымыз. Соның арқасында осындай жоғары деңгейдегі марапатқа жетіп отырмыз. Біз өте қуаныштымыз.

«Атамекен» ұлттық палатасы тағайындаған «Іскер» арнайы жүлдесін 10 мықты деген кәсіпорын жеңіп алды. Тағы бір жағымды жаңалық, биылдан бастап «Алтын сапаға» ие болған кәсіпорындарға жеңілдіктер жасалуы мүмкін.

Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

"Алтын сапаның" жеңімпаздарына мемлекеттік сатып алуда жеңілдіктер беру керек. Ұзақ мерзімді шарттар ең біріншіден сол кәсіпорындармен түзелуі керек.

2006 жылы «Алтын сапа» сыйлығына 52 кәсіпорын таласса, биыл олардың саны 153-ке жеткен. Бұл - үздік атанғысы келетіндердің бәсекесі артқанының айғағы.

Айгүл ӘДЕПБАЙ