Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жыл басынан бері Байқоңырдағы 12 ресейлік кәсіпорыннан 409 қазақстандық жұмыссыз қалған

AstanaTV
11.12.2015ж. 20:00
1728
Жыл басынан бері Байқоңырдағы 12 ресейлік кәсіпорыннан 409 қазақстандық жұмыссыз қалған

Келер жылы Байқоңырда бір жарым мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Өйткені ресми Мәскеу шығындарын қысқартып жатыр. Биылдың өзінде Байқоңырдағы ресейлік мекемелерде жұмыс істейтін 409 қазақстандық жұмыстан қысқартылған. Олардың 75-і басқа жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы аймақтағы жұмыспен қамту орталығы мамандары хабарлады. Тіпті Қызылорда облысының басшылығы оларды жұмыспен қамту үшін арнайы бағдарлама қабылдаған.

Анар Бөлекова - жалғызбасты ана. Байқоңырдағы ресейлік ауруханада медбике болған, сол жақында қызметінен қысқарды. Сол тұста үрей қысқанын жасырмайды. Артынша аймақтағы жұмыспен қамту орталығының арқасында сүйікті ісіне қайтып келген.

Анар Бөлекова, Төретам кентіндегі емхананың медбикесі:

Әйтеуір қалада тұрсам да, осы Төретамға қатынап тұрамын, сондай алыс емес. Айлығым жақсы, қалаға қарағанда, теңгемен аламыз. Алдында рубльмен алатын едік. Өзіме жеткілікті. Әлі қысқарту болып жатыр ғой, ертең тағыда болады дейді, қаңтардың басында, ай сайын болып жатыр ғой.

Биыл барлығы ресейлік 12 кәсіпорындарынан 409 қазақстандық қысқарған. Олардың 75-сі өз мамандығы бойынша Байқоңыр, Төретам, Ақай кенттеріне жұмысқа орналастырылыпты. Ал қалғандарын арнайы бағдарлама бойынша қайта оқытып не кәсібін ашуға қолдау көрсетілмек.

Зере Митерова, Қармақшы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы:

300 миллион теңге қаржы бөлініп жатыр, соған шағын несие алып, өз кәсіптерін бастауға тиісті жұмыстар жүргізіліп, қолдау көрсетіліп жатыр. 150-дей азаматқа мүмкіншілік бар алуға. Қысқартылған азаматтарды жұмысқа орналастыруға біраз мекемелерде өздерінің қолдауын көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, осы Қызылорда қаласындағы мұнай өндеу шағын зауытынан 17 мамандық бойынша сұраныс келіп тұр.

Дегенмен, Қармақшы ауданы шенеуніктерінің дерегінше, ресейлік мекемелерде қысқарту жаңа жылдан кейін де жалғасады.

Шайхібек Сүйімбетов, Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі байқоңыр филиалының басшысы:

Хруничев атындағы ресейлік мекемеден 179 адам қысқартулар болады деп келді. Оның қазіргі уақытқа 53 адамы нағыз қысқартылып келіп тұр, қалғаны аусымды болып, 2016 жылы 1 қантардан бастап болады деп тұрмыз. Үлкен оқу комбинаты болды, ол мекеме де жабылды. Роскосмос пен ЦЭНКИдан осы уақытқа дейін қысқартулар болған жоқ. Алдағы уақытта 2016 жылдан бастап қысқартулар болады деген мәліметтер бар.

Алайда, шенеуніктер жұмыссыздарға екі қолға бір күрек табу үшін арнайы бағдарламаның көмегі болатынына сенімді.  

Шарипа САҚТАПОВА 

Алдыңғы жаңалық