Солтүстік
Қазақстан облысындағы Ленин ауылының тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізе
алмай отыр. Құжаттар да, құбыр да дайын. Тек ауыз су келмей тұр. Аталған
елді мекенге «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында су тартылуы тиіс болатын. Былтыр
тиісті жұмыстар басталған еді. Тіршілік көзін тағатсыздана күткен бұқара әбден
шаршағанын айтады. Олар жергілікті биліктен мән-жайды түсіндіруді талап
етті.
Төрт жүз түтіні бар Ленин ауылына мердігерлер су құбырларын өткен жылы тарта
бастаған. Орталықтандырылған су жүйесіне содан бері жүзден аса үй қосылды.
Алайда сумен қамту жұмысы сағызша созылып келеді. Тұрғындардың айтуынша,
мердігерлер суды желтоқсан айында қосамыз деп уәде берген. Бірақ уәденің
орындалар түрі жоқ. Ал әкімдіктегілер мүлдем қарасын көрсетпейді, дейді олар.
Иван
Кром:
Былтыр
жұмысты аяқтай алмай қалған мердігерлер биыл тым кеш бастады. Енді суды қашан
береді деп сұрап едім. Ешкім жауап бермейді. Абонент саны аз, сондықтан су
мүлде берілмейді, деген сыбыс жүр. Бірақ ешкім ресми түрде жауап бергісі
келмеді.
Дмитрий
Захаров:
Былтыр
ауыл клубында бізді бір рет жинаған. Мердігер компанияның басшысы, ауыл әкімі
болды. Жұмыс жоспарын егжей-тегжейлі түсіндірген жоқ. Одан кейін бірде бір
жиналыс өткізілмеді.
Жоба
құны 256 миллион теңгеге бағаланған,
қомақты қаражат республикалық қазынадан бөлініпті. Ауыл халқы таза суға қол жеткізу үшін қаражатымызды да аямадық деп отыр.
Алтыншоқ
Оразалина:
Енді
жалғыз сиырымды саттым, шындықты айтқанда. Не болса да, шаршадым деп, елу мың
теңге төледім. Сосын үйдің жанында отводтарды істедім. Оған жиырма мың теңге
бердім. Сонымен, міне, суды тосып отырмыз. Биылдыққа біз өзіміздің ақшамызды,
еңбегімізді жерге қазып тастағанымыз ғой сонда?
Шенеуніктермен
тілдесуді көздеген тұрғындар көкейдегі сауалдарына жауап алды. Аудандық құрылыс
бөлімінің басшысы Александр Шабаев құбыр тарту ісінің бұлайша созылып кетуіне
қаражаттың кезең-кезеңімен бөлінгені себеп болғанын айтады. Жалпы жұмыстар
жоспарға сәйкес жүріп жатыр, - деп сендірді ол.
Александр
Шабаев, СҚО Аққайың ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:
Қаражат
екіге бөлініп төленді. Қазір мердігер компанияның жұмысын арнайы комиссия
тексеріп жатыр. Желтоқсанның жиырмасында бітіруі тиіс. Кейін су жүйесіне
техникалық паспорт жасап, оны әділет департаментінде тіркейміз. Бұның бәріне
алты айдай уақыт кетуі мүмкін. Бірақ қосымша қаражат дер кезінде бөлінсе, онда
тезірек аяқталады.
Абзал
Құрманкин, тілші:
Осылайша,
су құбырларын үйлеріне былтыр кіргізіп алған тұрғындар тіршілік көзін шалғайда
орналасқан мұнарадан тасиды. Атқамінерлердің сөзіне сенсек, бұл ауылға таза
ауыз су тек жарты жылдан кейін ғана беріледі. Демек, жергілікті жұрт суды мұнарадан алып келу үшін әлі де алдымен
қарға, кейін батпаққа батып жүруге мәжбүр.
Абзал
ҚҰРМАНКИН