Сириядағы ахуал, ДАИШ-ке қарсы
күрес және Украина. Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы
Джон Керридің кездесуінде осы мәселелер кеңінен талқыланды. Кездесу өткізуге Америка тарапы өтініш білдірген. Вашингтон Сирия президенті Башар Асадты тақтан
кетіру басты мақсат еместігін мәлімдеді.
Матрешка, орыстың ұлттық
киіміндегі қуыршақтар мен екі сақина Джон Керриге 35 мың рубльге түсті. Америкалық қонақ Путинмен кездескенше
Мәскеудің ең қарбалас алаңы Арбатта «шопинг» жасады. Жергілікті жеткіншектер
сұрақ қойып тілдескісі келген. Мемлекеттік хатшы қалжыңмен құтылды.
Джон Керри еліне базарлықпен
ғана емес, нәтижелі келіссөзбен оралатын сияқты. Ресей мен АҚШ арасында тоң
жібігендей. Тараптар Сирияға қатысты террорлық топтардың тізімін түзді. Ресми
Вашинтон АҚШ Ресейді саяси оқшаулауды мақсат тұтпайтынын, Сирия президенті Башар
Асадты тақтан тайдыруды көксемейтінін мәлімдеді.
Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік
хатшысы:
АҚШ пен біздің серіктестеріміз
Сириядағы саяси жүйені өзгертуге ұмтылып отырған жоқ. Бүгінде келіссөздер
Асадқа емес, елдің болашағына қатысты жүргізілуде. Тек ел үшін, диктатор мен
террористің арасында таңдау болмауы керек.
Путин мен Керри жоспарланғандай бір сағат емес, үш сағат сөйлесті. Күн тәртібінде күрделі мәселелер
қаралғандықтан, Ресей басшысы мемлекеттік хатшыға кездесуден кейін көз ілуге
кеңес берді.
Владимир Путин, Ресей
президенті:
Құрметті Мемлекеттік хатшы,
сіздің түйткілді мәселені шешу үшін қаншама күш жұмсап жүргеніңізді көрдік.
Сізге тынығу керек. Қаншама елге сапар шеккеніңізді бақылап отырмыз. АҚШ тарапы Париждегі кездесуден кейін
бірқатар мәселелерді шешудің өзіндік нұсқасын дайындағанын да білеміз.
Мәскеуде Керри Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен де
кездесті. Оның қорытындысы бойынша Лавров Сирия мәселесіне қатысты конференциядан Ресей нақты нәтижелер
күтетінін мәлімдеді.
Сергей Лавров, Ресейдің сыртқы
істер министрі:
Біз ортақ террорлық
ұйымдардың тізімін құру және БҰҰ-да келіссөздерге қатысуға дайын оппозицияның
құрамын іріктеу жұмыстарын жалғастыруға уәделестік.
Десекте, Сирия мәселесін
шешудің басқа да жолдары қарастылып
жатыр. Желтоқсанның он төрті күні Парижде құрамына Ресей енген «сириямен дос
топтар» кездесу өткізген. Оған Европа елдері, Парсы шығанағындағы араб монархтары,
Түркия және АҚШ қатысқан. Ал ДАИШ-ке қарсы мемлекеттер қатарына жаңадан тағы
бір ұйым қосылды. Таяуда Сауд Арабиясы құрамына 34 мемлекет енген жаңа коалиция
құрғанын жариялаған. Сирия мәселесіне қатысты үшінші конференция жақында
Нью-Йоркте өтеді деп жоспарланды.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ