Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Шымкентте ВИЧ-ке шалдыққан балаларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы жақсармақ

AstanaTV
18.12.2015ж. 20:00
2170
Шымкентте ВИЧ-ке шалдыққан балаларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы жақсармақ

Шымкентте ВИЧ-ке шалдыққан балаларға көрсетілетін дәрігерлік қызметтің сапасы жақсаратын болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері осылай деп уәде берді.

Айта кетейік, балалары айықпас дертке ұшыраған ата-аналар СПИД-ке қарсы орталықтың жұмысына көңілі толмайтынын айтып шағымданған еді. Олардың сөзінше, науқас балалардың қанындағы вирусты анықтау дұрыс жүргізілмейді, тест ескі қондырғылармен жасалады. Соның кесірінен талдау қорытындысы қандағы вирустың көп екенін көрсетеді екен. Ата-аналар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан дәрігерлік қызмет сапасын жақсартуды талап еткен.

Инна Глазебная, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Мұндай проблема бар екенін мойындаймыз, әрі оны шешу үшін жұмыс істейміз. Қажетті қондырғыны сатып алуға тапсырыс жасалды. Ол қан құрамын нақты анықтауға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында мемлекеттік жәрдемақы мәселесі де қозғалды. Дәрігерлердің кесірінен ВИЧ-ке шалдыққан отбасыларға «жергілікті бюджеттен жәрдемақы берілмейді» деген қауесет тараған. Осыны алға тартқан ата-аналарды сала мамандары сабырға шақырды.

Мәдина Есімова, ОҚО үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл шындыққа жанаспайды. Денсаулық кодексіне сай, ауруды дәрігерлердің кесірінен немесе тұрмыстық жағдайда жұқтырғандардың өтемақы алуына толық құқығы бар. 2006 жылдан бері төленіп келеді, болашақта өтемақы төленбей ме деп алаңдаудың қажеті жоқ.

Еркін КАРИН