«Жұлдызды соғыстар: күштің
оянуы» фантастикалық фильмі қазақ тіліне аударылды. Тәуелсіздік күні мерекесіне
орай Астана мен Алматы қалаларында ғарыштық опера жанрындағы танымал картинаның
тұсаукесері өтті.
Жобаны «Нұр Отан» партиясының
қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырған. Бас демеушілер қатарында:
«Ордабасы Груп» және «Южный центр» серіктестіктері. Айта кетейік, бұл қазақ
тіліне аударылған 13-ші блокбастер.
Берік Уәли, «Нұр Отан» партиясы
төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі:
Бұл біздің «Нұр Отан»
партиясының «Қазақстан 2050» стратегиясында айтылғандай, 2025 жылға дейін қазақ
тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында қолға алынған жоба болатын. Қазіргі
таңда халықтың арасында қазақ тілді фильмдерге сұраныстың артып келе жатқанын
байқауға болады. Бүгін де, көріп отырсыздар, тұсаукесерге келіп, билет сұрап
жүрушілер көп.
Оқиға желісі Джакку шөлейтті
ғаламшарында өрбиді. Қуаты да, күш қайраты да мол зұлым билеуші болады.
Туындының басты кейіпкерлері бірігіп, оған қарсы тұрады. Айта өтейік, дубляждау
жұмыстары Астанадағы "ArayMediaGroup" дыбыс жазу студиясында
жүргізілген. Оған 25-тен астам актер қатысты. Жоба жетекшісі - Абзал
Бекмағанбетов. Дубляждың режиссері - Тимур Балымбетов. Басты кейіпкерлердің бірі
Финнді қазақша сөйлеткен Шахмұрат Ордабаев фильмді дубляждауға екі айдай уақыт
кеткенін айтады.
Шахмұрат Ордабаев, актер:
Шетелдік кино болғандықтан және
жанры қиындау болғандықтан, мұндай жанрмен мен бұрын-соңды кезіккен емеспін.
Бірақ, өзім бұл киноның жанкүйерімін. Бала кезімнен. Ең қызықты сәттерінде бар
дауыспен айқайлап, шайқасып жүрген кездегі дауыстарды салу сәл қиындау болды. Себебі менің дауысым оған
қарағанда бәсеңдеу болды.
Айгүл Мүкей, SNC журналының бас редакторы:
Бүгін «Жұлдызды соғыстар»
фильмінің тұсаукесері болып жатыр. Өте қуанышты жағдай. Тәуелсіздік күнімізге
орай балаларымызға, бәрімізге осындай сыйлық, болашақ қауымдастығының. Бұл мен
қатысып отырған үшінші премьера. Өте жақсы іс-шара.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА