Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

ҰБТ... Үміт пен күдік...

AstanaTV
04.06.2016ж. 20:00
2543
ҰБТ... Үміт пен күдік...

Осы апта елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Түлектер үшін ғана емес, олардың ата-ана туған-туыстары үшін де бұл сынақ   айтулы күнҰлттық бірыңғай тестілеу-  басталғалы бері басы даудан арылмай келе жатқан жүйенің бірі. Білім бәсекесі биыл 13 ші рет өтіп отыр. Осы уақыт аралығында сынақ жайлы қарама-қайшы пікірлерден көз ашпай келеміз. «Баланың білімін тексерудің бұдан артық әдісі жоқ» деп бәзбіреулер оны жақтаудан танбайды. Қарсы пікір иелері де қалыспайды, «бұл тест оқушының біліміне дәлел емес, керісінше бала біткеннің жүйкесін жүндей түтіп болды» дейді. Хош, сонымен, биылғы науқанның бастамасы жаман емес. Ең бастысы жылдағыдай айқай-шу әзірге байқалмады. Дегенмен, тәртіп бұзғандар да жоқ емес. Тексеріс кезінде тәртіп сақшылары түлектерден 9 мыңға жуық телефон секілді сынақ өтетін орынға алып кіруге болмайтын құралдарды алған.   Әсемгүл Мұхитқызы түлектер мен ата-аналар қауымына үміт пен күдік сыйлаған доданың басы қасында болды.  

Маусымның екісі.Таңертеңгілік уақыт. Павлодардағы университеттің алды адамға лық толы. Тура осыған ұқсас көріністер бұл күні Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік орын алып жатты. Білім бәсекесіне қатысып бағын сынауға талпынған балапанын бір жыл бойы  баптаған ата ана үйінде қалайша байыз тауып отырсын. Осы жерден табылған барлығы да. Сынағын тапсырып, үстінен ауыр жүкті сілкіп тастағандай ғимарат ішінен шығып келе жатқан әрбір түлек бейнебір бүгінгінің батырларындай. Оларды қол соғып,  қошеметпен қарсы алып жатқан жақын-жуықтарының эмоциясы да әр қилы. Биылғы тестілеудің төңірегіндегі ең бір «татымды» жаңалықты айтсақ, тәртіп сақшылары талапкерлерді бастан-аяқ тінтуді доғарғандай. Сондықтан болар, балалардың да, ата-аналардың да арасында шу шығарып, байбалам салғандары болмады. Білім министрлігінің өкілі тексеру құрылғыларының қауқары қатаңдатылды деп айтып қалды.

Эльмира Суханбердиева, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

Біздер бүгін ДВД-ның жұмысшылары балаларды тексерген жоқ. Неге десеңіздер, металлоискательмен жабдықталған бүкіл оқу орындары. Сондықтан ешқандай эксцесс болған жоқ. 

Биыл мектеп қабырғасын 121 мың оқушы тәмамдаса, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға соның 87 мыңы өтініш білдірген. Білім және ғылым министрлігінің дерегіне қарағанда, сынақ арнайы жабдықталған 165 пунктте өтіп жатыр. Оның 115-і аудан орталықтарындағы мектеп ғимараттары болса, 50-і ЖОО-ның аудиториялары.

Биылғы тестілеу - министр Ерлан Сағадиев үшін де алғашқы сынақ іспетті. Сондықтан бас ұстаз түлегі ең көп аймақ  - Алматыға барды. Биыл онда 5 768 бала мектеп бітірді.  200-ден астамы «Алтын белгіге" үміткер балғындар.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі: 

Әр ата-ананың арманы, ең жоғарғы мақсаты - мына балаларымыз білімді болып, мына білімнің арқасында, ғылымның арқасында азамат болып, елге аттары шықсын деп. Одан бақа армандары жоқ. Оны түсініп жатырмыз, бар жағдайын жасаймыз.

Үкілеп бәйгеге қосқан баласының тілеуін тілеп, шыжыған аптап ыстыққа қарамастан, сыртта тағатсыздана күтіп тұрған жандардың төзімі де сыналған шақ бұл.  Перзентінің тест тапсыратын күні қатты абыржығанына жаны шырқыраған ана «баланың жүйкесін жүндей түтіп бітетін болды ау бұл сынақ» дейді .

Ботагөз Байжұманова, ата-ана: 

Бұрын білдіртпеген, бүгін таңертең қобалжып шықты қызым. Өзім де уайымдадым. ЕНТ-ны дұрыс деп ойламаймын өзім. Енді балалардың психологиясын бұзады. Балалар таңертең нервный солай кірді. Бірақ бұл жерде айғай-шу болған жоқ бұрынғыдай. Жақсы барлығы дұрыс кіргізілді. Тексеріс іште болмаса, мына жерде ешкім тексерген жоқ.

Тестілеудің барысын бақылау үшін аудиториямен тікелей онлайн режимінде байланыс орнатылған. Сырттағы жұрттың назары да негізінен осы мониторларда. Ақмарал Наштаева - астаналық түлектің бірі. Сынақ барысын бақылауға арнайы келген, сынықтастарына қолдау көрсетіп тұрған жайы да бар. 

Ақмарал Наштаева, мектеп түлегі: 

6-сы күні мен тапсырамын. Оған кішкене дайындық ретінде. Не болады? Қалай тапсырады? Қалай тексереді? Соның барлығын көру үшін келдім. Әрине, мен қорқып тұрмын. Қатал деп айтып жатыр. Бірақ та қатал болғанымен, өз білімімізбен тапсырамыз деп ойлаймын.

Павлодар облысында 3 604 бала мектеп бітірді, 947-сі дәстүрлі мемлекеттік емтиханды таңдаған. Ал, 2 657 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге өтініш берді.  Жас түлек Нәзерке Мұхтарқызы сыныптастарымен бірге таңмен таласа тестілеу сынағына келген. Маңызды сынаққа бір жыл  дайындалғанын айтады. Психологиялық тұрғыдан бұл өте ауыр, әсіресе, өз-өзіне сенімсіз балалар үшін қатты соққы  ,-дейді ол.

Назерке Мұхтарқызы,  мектеп бітіруші:

Тексеріс қатты қобалжытады екен. Алдыңдағы оқушыларды көресің, біреу ұсталып жатады, біреу қорқып жатады, жылайды. Көптеген эмоциялар болды. Сол жерде қобалжу болады екен. Бірақ, отырып, кітапшаңды алып, қарап, өзің білетін сұрақтарды көргеннен кейін өзіме өзім сенімділігім артты.

Тестілеудегі ең ауыр сәт – күту,-дейді Нәзерке. «Жап жақсы тапсырдым ау» деп аудиториядан сенімді шықсаң да, жұмысың сарапталып қорытындысы шыққанға дейінгі үш-төрт сағат жүйкеңді әбден тоздырып бітеді. Бұл аралықта ұйқы қашып, тәбетің де жоғалады деген түлек құрбыларының қаншалықты күйзеліске түскенін көзбен көрдім дейді.  Бағына сай Назерке  маңызды емтиханнан -112 балл жинап, «Алтын белгіні» дәлелдеп шықты.

Назерке Мұхтарқызы, мектеп түлегі:

Мен халықаралық заңгер мамандығын таңдадым. Енді осы Алтын белгімді ақтап шыққаннан кейін сол мамандығыма түсемін деген сенімділігім басым, әрине. Ата-анамның үмітін ақтағаннан кейін енді ел алдындағы грантты алсам, еліме оны қалай қайтарам, егемен Қазақстанның білімді азаматы болу – арманым!

Еліміздің батысында сынақ маусымның 3-нен басталды. Атырауда екі сынақ алаңы жасақталған. Әдеттегідей келушілердің қарасы қалың. Бірақ, біз барған университет ауласына ҰБТ дің барысын бақылайтын монитор қойылмағанын байқадық. Баласының жағдайын біле алмаған ата-аналардың дені біршама уақыттан соң  үйлеріне  тарап жатты.

Тестілеудің алғашқы күні алматылық үш түлек тиісті межені  бағындырып, 125 ұпай алды. Білім және ғылым министрлігінің ақпарынша, алғашқы күннің өзінде тестілеу 44 пункте жүргізілген. 17 934 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Оның 13 026 қазақ тілінде, 4 908-і орыс тілінде. 4 мектеп бітіруші түрлі тәртіп бұзғандығы үшін аудиториядан шығарылып, 8 522 зат тәркіленді. Бірінші кезеңде 2 277 бала тиісті 50 баллды ала алмаған.  Ал, 100-ден жоғары ұпай жинағандар саны 4 мыңға жуық.

Тестілеу науқаны 10-шы маусымға дейін жалғасады. Негізгі меже 50 баллды жинай алмағандарға биыл екінші мүмкіндік беріліп отыр. Бірақ, олар ақылы түрде сынақты қайта тапсыра алады. Бұл балаларға түсетін қысымды өзінше азайту үшін жасалған әрекет болса керек. Тағы бір жаңалық бар. Осы жылы дәстүрлі тест соңғы рет өтуде. Келер жылдан бастап мектеп бітірушілер екі емтихан тапсырмақ. Бірі – аттестат алу үшін, екіншісі ЖОО түсу үшін. Білім саласындағы сан-алуан траснформациялар осымен тыйылар, сірә. 

Әсемгүл Мұхитқызы, Біздің Уақыт.