$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде лаңкестік жасағандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін еді - ІІМ

AstanaTV
06.06.2016ж. 20:00
1639
Ақтөбеде лаңкестік жасағандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін еді - ІІМ

Ақтөбедегі оқиғаның барысы мемлекет басшысының жеке қадағалауында. Ал лаңкестік шабуыл жасаған қылмыскерлердің саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін еді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді. Үкімет бұл қанды оқиғаны террорлық акт ретінде танып отыр. Премьер-министр Кәрім Мәсімов ел Президенті мәселені бақылауына алғанын айтты.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Мемлекет басшысы бұл мәселені өз қадағалауына алды. Күштік құрылымдар операцияны аяғына дейін жеткізулері тиіс. Жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік органдар қажетті шараларды қабылдауы керек. Әрі қарай қорытынды шығарамыз. Бұл оқиға біздің жұмысымызда кемшіліктің бар екенін көрсетті. Кешенді шаралар жоспарын қабылдауымыз керек.

Ал террорлық актіні жоспарлаған лаңкестердің бастапқы саны 26 адам емес, одан әлдеқайда көп болған көрінеді. Олардың кейбірі соңғы сәтте қылмысқа қатысудан бас тартқан. Қазір Ақтөбе қаласында, сондай-ақ бүкіл республика бойынша, қауіпсіздік шаралары қабылданды. Адам көп жиналатын қоғамдық орындар мен кейбір ойын-сауық, сауда нүктелерінің жұмысы шектелді. Ақтөбеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығымен арнайы штаб құрылып, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан және әскери прокуратура қызу жұмыс режиміне көшкен.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Қылмыскерлердің дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері екенін бірден айтамыз. Қазір олардан жауап алынып жатыр. Әрине, қылмысты жасамас бұрын олар кездесулер өткізген, жоспар жасап, талқылаған. Кездесулерге қатысқандар арасында қылмысқа атсалысудан бас тартқандары да бар. Ол азаматтар да анықталып, жауап алынып жатыр. Қазір бізде олардың жоспары, қалай қимылдағаны туралы толық ақпарат бар. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ