Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Атыраулық ауыл Жаңа жылдан коммуналдық мәселелерінің шешілуін сұрайды

AstanaTV
30.12.2015ж. 20:00
1507
Атыраулық ауыл Жаңа жылдан коммуналдық мәселелерінің шешілуін сұрайды

Атырау қаласының маңындағы алақандай ауыл Жаңа жылда Аяз атадан емес, жергілікті әкімдерден тосын сый күтіп жүр. Олар, аймақ халқы алаңсыз пайдаланып отырған коммуналдық қызметтер өздерін айналып өтпесе, деп тілейді. 20 шақты түтіні бар ауыл әлі күнге отын жағып, күл шығарып отыр. Ал жедел жәрдем көлігі кешіккендіктен, әйелдердің үйде босануы қалыпты жағдайға айналған.

Бұл - кезінде теміржолшыларға мекен болған №496 разъезд. Шағын елді мекен қаланың іргесінде орналасқанымен, өркениеттен жұрдай. Өйткені облыс халқы тұтас пайдаланып отырған көгілдір отын мұнда тартылмаған, жол айқыш-ұйқыш, сондықтан жедел-жәрдем де келмейді,- дейді ашулы тұрғындар.

Бибіжан Мұқашева:

3-4 рет, «әй, өлейін деп жатыр», дегенде зорға келеді ғой. Онда да анадай жерде тұрады. «Бері қарай алып келіңізші балаңызды»,- деп. 


Аймақтың халқы ұмыта бастаған отын жарып, пеш жағу ісі - бұл ауыл халқы үшін үйреншікті жағдай. Тіпті балалар әрбір бұтаның қадірін біліп, жарылған ағашты әп-сәтте жиып алады. Өйткені ағаштың бағасы қымбат. Ал тоннасы 12 мың теңге тұратын көмір жағу арманға айналғалы қашан.

Нұржан Бауыржанов:

Мен темір жолда жасаймын. Мен өзім ағаш аламын. Ал қалғандары қайдан табады? Қарабаттаннан сатып алады 5 мыңға КАМАЗын. Айына 2-3 КАМАЗ жағады. Айына 15 мың, табатыны 40-50 мың ақша. Одан енді тамақ ала ма? Үйдің жағдайы осы. Қаңырап тұр бәрі, көп үй көшіп кетті. 21 ғасыр емес, 19 ғасырда тұрған сияқтымыз.

Ауыл балалары 40 шақырым қашықтықтағы мектеп-интернетта жатып оқиды. Олар ата-анасымен тек жексенбі күні ғана қауышады. Былтыр жергілікті әкімдік, ауылға жақын орналасқан «Болашақ» мұнай-газ кешені іске қосылса, ауыл көшіріледі деп, халықтың құжаттарын жинап алған. Тұрғындар сүйінші хабарды әлі күтіп жүр.

Қаламқас Сүлейменова:

Бізге газ бен жолымызды жасап берсін. Я болмаса, бізді көшірсін. Көшіреміз деп документімізді жинап алып отыр. Әкімге барсақ, біз ешнәрсе бітірмейміз, облыстық әкімдікке барыңдар,- дейді.

Нұржан Жұмаханов, Геолог ауылдық округінің әкімі:

Қаражаттың жоқтығына байланысты қоса алмай тұрмыз. Бұл жөнінде қала әкіміне де ұсыныстарымызды беріп, қаражаттың кесірінен әлі күнге қосылмай тұр. Былтырғы есеп беру жиынында болашағы жоқ елді мекендерді көшіру жөнінде облыс әкіміне сұрақтар қойылды. Облыс әкімдігінің өкілдері аталған елді мекендер көшірілмейді деп ашық айтты. Сондықтан ол елді мекен көшіріледі деп айта алмаймын.

Әкім жаңа жылдық тосын сыйдың биыл да, келер жылы да болмайтынын ашып айтты. Сондықтан бұрынғы теміржолшыларға әлі де темірдей төзімді болуға тура келеді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ