$523.46 €600.04 ₽6.69
×

«Астана» телеарнасы ұжымы төрімізге шыққалы отырған жылды жаңа бастамалармен қарсы алмақ

AstanaTV
30.12.2015ж. 20:00
2608
«Астана» телеарнасы ұжымы төрімізге шыққалы отырған жылды жаңа бастамалармен қарсы алмақ

«Астана» телеарнасының  көрерменге мерекелік тартуы бар. Арнамыз төрімізге шыққалы отырған жылды «Жап-жаңа жыл» жобасымен қарсы алмақ. 5 сағаттан астам уақытқа созылатын жобада еліміздегі барлық жұлдыздардың басы қосылған. Әзілмен өрілген астарлы қойылымдарда танымал тұлғалар мен әншілерді басқа қырынан көресіз. Көгілдір жәшіктен көрермендеріміздің күні бүгінге дейін көзайымына айналған бағдарламалар да жоба аясында жаңаша көрсетілмек. Әзірге шығармашылық топ тосын сыйлардың құпиясын жайып салғысы келмейді. Дегенмен «мың естігеннен, бір көрген артық» деген тілшіміз қызу дайындықтың барысын бақылап келді.

Ескі жылда уайым-қайғыны артқа тастап, кіріп келе жатқан жап жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен, тың ойлармен қарсы алу керек. Мерекенің басты қағидасы осы. Әрбір жылдың өзіндік қуанышы, сыйы болады емес пе? Біздің арнаның ұжымы да, өз көрермендеріне тосын сый дайындап жатыр. Ендеше тізбектеп көрейік...

Әсем безендірілген сахна, оның ажарын толықтыра түскен жұлдыздар «Астана» телеарнасы көрермендерінің жаңа жылдық көңіл-күйін көтеруге әзір. Бейнекамералар да әдемі кадрларды шырт еткізуге сақадай сай... Жаңа жылдық көңіл күйдің кереметтігі сонша, әншілер де, қонақтар да  әңгіме жарастырып, алаңды әзілге толтырды.

Шығармашылық топтың дайындығын пысықтап алған режиссер пәрмен бергені сол еді, бағдарлама тізгінін Баян Есентаева, Динара Сатжан, Айгүл Иманбаева мен Нұрдәулет Шертім қолға алды. Әрқайсысының жаңа  образы бар.

Динара Сатжан, тележүргізуші:

Бұл жобада Баян екеуміз арна продюсерінің рөліне енеміз. Айгүл - гример, Нұрдәулет - режиссер. Ол  қызметін пайдалана отырып, жаңа жылда бүкіл туыстарын эфирге шығармақ болады. Міне, осындай қызықты оқиғалар біздің арнадан көрсетіледі. Талғампаз көрерменнің көңілінен шығамыз деген ойдамыз.

Айгүл Иманбаева, тележүргізуші: 

Көрермендер үшін керемет кеш болады. «Астана» телеарнасының сигналы жетеді ауыл аймақта тұратын көрермендеріміз үшін. Қадірлі қазақстандықтар, жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Мешін жылы байлығымен,  тыныштығымен, шат-шадыманымен келсін дейміз. 

Ал «Той жыры» бағдарламасы да түрлене түспек. Бұл күні Әли Оқаповтың су жаңа той жыры көрсетіледі. Кеште сүйікті кино, өнер және спорт саңлақтарының бәрі бар.  Бұл жолы күміс көмей әншілеріміздің бірқатары, спорттағы шымырлығын да сынап көрмек.

Ал, мерекелік кеште айтылатын әндер реті су жаңа. Белгілі әнші Мейрамбек Беспаев «Қол жетпесім» әнінің тұсауын осы жоба аясында кеспекші. 

Мейрамбек Беспаев, әнші:

Көрерменге Иран Ғайыптың сөзіне жазылған, аяулы қарындасымыз Гүлнұр Нұрасылованың әнімен кірейін деп жатырмын. Сіздермен бөліссем деймін. «Қол жетпесім» көңілдеріңізден шығады деген ойдамын.  Биылғы жылы «МұзАРТ» тобына 15 жыл толады. Жақсылап өткізсек дейміз. Ардақты ағайындар, «Астана» телеарнасы - сіздермен бізді қауыштырған алтын көпір. Ұжымға  жақсылық тілеймін! Елдің  көңілінен шығатын үздік каналдардың бірі деп есептеймін.

Арман Дүйсенов, әнші, сазгер:

Үкімет барлық жағдайды жасап жатыр. Өмір-тіршілігіміздің кез-келген саласында барлығы ойдағыдай болады деген сенімім орасан. «Астана» телеарнасының көрермендерін жаңа жылымен құттықтаймын! Үкілеген үміттеріңізбен, аңсаған армандарыңыз орындала берсін!

Дәмді сұхбат, жарасымды ән-күймен әрленген 4 сағаттық мерекелік бағдарлама сіздерді  бей-жай қалдырмасы анық. Ендеше 31 желтоқсан күні арнамызды қосыңыз. Кешкі 21.30-дан бастап эфирге шығатын «Жап жаңа жылдан» құр қалмаңыз!

Айгүл ЕРМАХАН