Париждегі саммит барысында
Путин мен Ердоғанның кездесуі болмады. Бұл жөнінде Парижде өтіп жатқан «климаттың
өзгеруіне қарсы күрес саммитінің» бірінші күнінде белгілі болды. Рейтерстің
хабарлауынша, мемлекет басшылары президенттердің дәстүрлі суретке түсуі кезінде
жүздесуі керек болған. Алайда, Путин саммитке кешігіп барды. Конференция
аясында да екі президенттің жолдары түйіспеді. Ресей президенті тілшілерге
Ердоғанмен кездеспегенін ашық айтқан.
Сирия аумағында болған оқиғадан бері
аптадан астам уақыт өтті. Бірақ Мәскеу-Анкара қарым-қатынасы жібитін емес.
Керісінше, тараптардың арасында іріткі салатын жаңа деректер пайда болуда.
Владимир Путин, Ресей
Федерациясының президенті:
Бізде бар ақпаратқа сай,
ДАИШ-тың бақылауындағы мұнай орындарынан Түркияға қара алтын жеткізіледі. Ресей
ұшағын атып түсіру арқылы, түріктер мұнай тасымалындағы қауіпсіздікті қамтамасыз
еткен.
Айта кетейік, өткен аптада
Ресей Түркияға қарсы бірқатар
экономикалық санкциялар енгізді. Екі ел арасында визасыз режим жойылып, тауар
импортына шектеу қойылған-ды.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА