$520.93 €609.07 ₽6.68
×

ШҚО-да Тұңғыш Президент күніне орай медициналық оңалту орталығы ашылды

AstanaTV
01.12.2015ж. 20:00
2049
ШҚО-да Тұңғыш Президент күніне орай медициналық оңалту орталығы ашылды

Тұңғыш Президент күніне орай Өскеменде ересектерге арналған алғашқы медициналық оңалту орталығы ашылды. Нысанның жалпы құны 1 миллиард 200 миллион теңгені құрайды. Орталық мемлекеттік және жеке серіктестік аясында тұрғызылған. Жыл сайын бұл мекемеде 3 мыңнан астам адам оңалтудан өте алады. 

Оңалту орталығы заманауи үлгідегі техникалармен жабдықталған. Бұл еліміздегі ересектерге арнап бой көтерген тұңғыш орталық. Енді осы медициналық мекемеде Қазақстанның түкпір-түкпірінен науқастар келіп оңалтудан өте алады. Бұл мекеме - ауыр жарақат алғандарға, инфаркт, инсульт, сал ауруына шалдыққандарға таптырмас орын. Сондай-ақ жүрекке және тамырға жасалған отадан кейін де сырқаттар осы жерге келуіне болады. Дәрігерлер оларды әлемде мойындалған әдістермен емдемекші.

Гүлмира Сағидуллина, ШҚО оңалту орталығының бас дәрігері:

Осы орталық салып басталғалы бері біз Корей республикасымен ауқымды жұмыстар өткіздік. Біздің мамандар Оңтүстік Кореяның клиникаларына барып оқып қайтты. Қазір біздің клиникада мастер-класстар жүріп жатыр. Корей профессорлары бізді оңалту бағдарламаларына үйретіп, істетіп жатыр.

Орталықтың бірінші қабаты спорттық медицинаға беріліпті. Онда дәрігерлер дербес бағдарламалар бойынша атақты атлеттермен жұмыс жүргізбек. Яғни спортшылар жарыста алған жарақаттарынан емделе алады.

Сергей Попов, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Мұнда тек дәстүрлі медицинаның ғана емес, сонымен қатар халықтық медицинаның, оның ішінде шығыс медицинасының әдіс-тәсілдерін қолданатын боламыз.

Аймақ басшылығы мемлекет пен жеке серіктестіктің аясында осындай заманауи медициналық орталықтар салуды жалғастыра бермек. Бұл туралы Елбасы өз Жолдауында да атап өткен болатын.

Даниал Ахметов,  Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Болашақта құны 20 миллиард теңгені құрайтын екі үлкен нысанның құрылысын бастауды көздеп отырмыз. Өскеменде 300  орындық және Семейде 200 орынға арналған ауруханалар салынады. Жеке кәсіпкерлер қаржы құяды, мемлекет ол қаржының қайтарына кепілдік береді. Сонымен қатар, олар  нысандарды басқарып, қосымша пайда таба алады.

Оңалту орталығында жоспар бойынша қабылданатын науқастардан бөлек, дәрігерлер күн сайын 50 шақты адамға ем жүргізуге дайын. Мамандар осы оңалту орталығының арқасында қазақстандықтар шетел асып ем іздеудің машақатынан құтылады деп отыр.

Берік ХАСЕНОВ