Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының нәтижесі президентке ұсынылмақ

AstanaTV
02.12.2015ж. 20:00
1221
«Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының нәтижесі президентке ұсынылмақ

«Нұр Отан» партиясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының нәтижелері талқыланды. Маңызды бағдарламаның 2015 жылғы қорытындысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тұңғыш рет ұсынылмақ. Бүгін бағдарламаның алғашқы нәтижелері мен дайындалу барысы партияның Орталық аппаратында өткен отырыста қаралды. Отырысқа еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров және Парламент депутаттары қатысты. 

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қолға алынуы партия қызметіне қосымша серпін бергенін атап өтті. Саяси құжатқа сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері енгізілді. Саладағы нақты үдерістер де көрініс тапқан. Бас прокурор Асхат Дауылбаев бизнесті негізсіз мазалауды шектеу үшін тексерулерді тіркеу тәртібі оңтайландырылғанын хабарлады. Бұл да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған.

«Бизнес тірегі» электронды порталы өз жемісін беруде. Оған хабарласқан 28 мыңдай кәсіпкер тағайындалған тексерулердің заңдылығы жөнінде ақпарат алған. 2,5 мың бизнес өкілі мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне шағымданды. 2010 жылы бизнес өкілдерінің 52 пайызына түрлі тексерулер жүргізілсе, биыл бұл көрсеткіш 4 пайызға дейін төмендеген. Партия тарапынан мемлекеттік органдар мен олардың жанындағы нысандар қызметі, бюджет пен Ұлттық қор қаражатының мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылуында жұмсалуын қадағалаудың ілкімді механизмі жасалды. Осы бағытта тиімді жұмыс жүргізу тапсырылған депутаттық корпус, өңірлік және аумақтық партия құрылымдарымен өзара іс-қимыл желісі де жолға қойылған. Алдағы уақытта жұмыстар тұрақты бақылауға алынбақ. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ