$445.62 €479.4 ₽5.4
×

Алматы облысында елді мекендердің 80 пайызы жыл соңына дейін сапалы ауыз сумен қамтылады

AstanaTV
02.12.2015ж. 20:00
1242
Алматы облысында елді мекендердің 80 пайызы жыл соңына дейін сапалы ауыз сумен қамтылады

Алматы облысындағы елді мекендердің 80 пайызы жыл соңына дейін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Мұндай мәлімдемені бүгін өңір басшысы Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жасады. Аймақта өткір тұрған ауыз су мәселесі осылайша шешімін таппақ. Алайда, суармалы жерлерге су жеткізу бойынша жағдай күрделі, - дейді облыс басшысы. Мәселен, егістіктерге су жеткізетін 17 мың шақырымға жуық  құбырлардың үштен бірі қараусыз қалған. Амандық Баталовтың айтуынша, бұл мәселені реттеу үшін миллиардтаған қаржы керек.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Қызылағаш плотинасына 5-7 млрд теңге берсе, қалпына келтірсек, оның астында 15 мың га жер жатыр. Мынаның бәрін дұрыстасақ, егіннің көлемі де, өнімділігі де төрт есеге артады.

Бұл қаражатты Азия даму банкінен тарту жоспарланып отыр. Банк басшылығы тарапынан өзара келісім арқылы қызмет жасасуға ниет бар көрінеді. Алдағы уақытта қажетті жұмыс бағыты екшелетін болады. Тараптар өзара кеңесе отырып, бұл жәйтті оң шешуді көздейді.

2 миллионнан астам халқы бар өңір электр энергиясы бойынша да едәуір тапшылық көріп отыр. Облыс басшысының сөзінше, бұл проблема Талдықорғанда жылу электр стансасын салу арқылы шешімін таппақ. Жобаны жергілікті кәсіпкерлер мен қытайлық бизнес өкілдері жүзеге асырады.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Талдықорғанда ЖЭС салу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Қуаты 300 мегаватт, жылу өнімділігі 400 гигакалорий. Бұл ыстық су мен жылу. Ыңғайлы орынды таңдау, техникалық-экономикалық жоба мен қаржыландыру мәселелері жергілікті кәсіпкерлер мен қытайлық бизнес иелері күшімен шешіледі.

Облыстың алдында тұрған тағы бір маңызды міндет - Алматының әйгілі апортын жаңғырту. Қазір аймақтағы алма бақтарынан алынатын 20 мың тоннадай өнімнің 2 мың тоннасы апорт. Жандандыру жұмыстары енді ғана басталып, ағаштар алғашқы жемістерін бере бастаған. Ал Ресей мемлекеті біздің өнімге ерекше қызығушылық танытып отырған көрінеді. Күні кеше Елбасы халыққа арнаған жолдауында Алматы облысы басшысының отандық өнім шығарудағы жетістіктерін өзгелерге үлгі еткен еді. Осы ретте мақтангершіліктен аулақ Амандық Баталов, мен тек өз жұмысымды атқарып отырмын деп, қысқа қайырды.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Біз бәріміз жұмыс істеп жатырмыз. Мен оларға былай істеңдер, былай істеңдер деп айтуға құқығым жоқ шығар. Мен бір затты білемін, аянбай күні-түні жұмыс істеу керек, Елбасының тапсырмасын орындау керек, болды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ