$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Қызылордада көп қабатты тұрғын үй мен спорт кешені пайдалануға берілді

AstanaTV
02.12.2015ж. 20:00
1943
Қызылордада көп қабатты тұрғын үй мен спорт кешені пайдалануға берілді

Тұңғыш Президент күніне орай, Қызылордада 776 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Оған қоса аймақта баламасы жоқ бірегей спорт кешені пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған нысан - ауқымдылығы жағынан республика бойынша үшінші ғимарат. "Тарлан" спорт кешені орталығында бокс, таэквондо, күрес түрлері және үстел теннисіне арналған жаттығу залдары бар. Аймақтағы тілшіміз Шарипа Сақтапова әңгімелейді.

Еркін мен Арайлым елу шаршы метр болатын пәтерге қол жеткізді. Зәулім сарай болмағанымен, «өз үйім- өлең төсегім» дейді жас отбасы.  Енді олар Жаңа жылды жаңа үйде қарсы аламыз деп қуанып отыр.

Еркін Байназаров:

Өзім осы ішкі істер саласында учаскелік полицей қызметкері лауазымын атқарып келемін, 2007 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанмын. Бүгін, міне, сәті түсіп, баспаналы болып жатырмыз, отбасыммен бірге.

Дәл осындай қуанышты 776 отбасы бастан кешірді. Сондай-ақ, жас спортшыларды баулитын жаңа спорттық кешен  ел игілігі үшін есігін айқара ашты. Спорт сарайы болашақта бокстан жаңа Олимпиада жұлдыздарын дайындап шығарады. Бұған кәсіби спортшылардың сенімі зор.

Қамшыбек Қонқабаев, Халықаралық дәрежедегі спортшы, бокстан Қазақстан чемпионы:

Әрбір соққыны жауапсыз қалдыруға болмайды деген Мұхаммед-Әлидің сөзі бар. Мен осы ұстанымды әрдайым қолдаймын. Бокс мені шыңдайды, тәрбиелейді. Жалпы, ешкім де чемпион болып туылмайды, бәрі үлкен еңбекпен келеді.

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев өз сөзінде, «елдің болашағы интеллектуалды, жан-жақты дамыған ұрпақтың қолында», екенін атап өтті. Сонымен қатар, жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен намысты сіңіру, бүгінгі аға буынның міндеті екенін жеткізді. Тәуелсіз елімізді жарқын болашаққа жетелеп, осы жолда аянбай еңбек еткен Президенттің ісі көпке үлгі, - деді.

Қырымбек Көшербаев,  Қызылорда облысының әкімі:

Біздің жерімізге көз салып жүрген адамдардын да бар екенін біз жақсы білеміз тарихтан, біз шекарамызды нақтыламай, бекітпей, тәуелсіз ел болу мүмкін емес. Соның бәрін шешіп берген Елбасымызға мың да бір рахмет.

Қала тұрғындары Тұңғыш Президент күнінде орын алған қос бірдей қуанышты оқиғаны жақсылыққа балады. Қызылорда жұртшылығы үшін жағымды жаңалық мұнымен бітпейді. Жуырда ғана басталған игі жоба сәтті іске асты. Қаланы Қызылжарма жерасты су кеніші арқалы таза әрі сапалы ауыз сумен қамту ісі толықтай аяқталды. «Қызылорда су жүйесін» автоматты түрде басқарылатын энергия үнемдегіш технологияға көшіру ісі қолға алынбақ. Ең бастысы - өңір халқы енді өзен суын пайдаланбайтын болады.

Шарипа САҚТАПОВА