Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Березовка тұрғындарының алғашқы легі жаңа үйлерге қоныстанып жатыр

AstanaTV
03.12.2015ж. 20:00
1009
Березовка тұрғындарының алғашқы легі жаңа үйлерге қоныстанып жатыр

Батыс Қазақстан облысындағы Берёзовка ауылының тұрғындары Ақсай қаласына көшіріліп жатыр. Ауылдықтар жаңа мекенге екі кезең бойынша қоныстанатын болады. Қарашығанақ кенішінің санитарлық аумағына енген ауыл халқы балаларымыз белгісіз сырқатқа шалдықты деп шағымданған. Жайлы пәтерге қол жеткізген отбасылардың тұрмысымен Еркін Карин танысып қайтты.

Березовкалықтарға бұйырған мына үй Ақсай қаласының қақ ортасында орналасқан. Әзірге мұнда тек бес отбасы ғана көшіп келіпті. Ауылдықтардың көші толастамаса, алдағы бірер аптада қазір жым-жырт тұрған мына ойын алаңы балалардың шат күлкісіне бөленері даусыз.

Жаңа үйге алғаш қоныстанғандардың бірі - Имашевтар отбасы. Сегіз адамнан тұратын үлкен әулетке бір емес, екі пәтер берілген. Заттарын реттеуге кіріскен Клара апай енді әскердегі ұлы келсе, қуанышы еселене түсерін айтады.

Клара Имашева, Ақсай қаласының тұрғыны:

Ауылдағы үйіміз кішкентай, ол да үш бөлменің есебі болғанымен, балаларымыз сыймады, жасыратын ештемесі жоқ. Жолдасым ІІ топ мүгедегі, сол үшін де көшіріп жатыр. Осы үйіміз үш бөлмелі, сосын тағы бір бөлмелі пәтерді қызымызға жаздырдық. Үй жылы, өзіміздің көңілімізден шығып жатыр барлығы да. Балаларымыздың құжаттарын рәсімдеп, мектепке орналастырдық. Енді өзіміз де жұмысқа кіреміз. 

Қарашығанақ кенішінің санитарлық аумағына енген ауылдың халқы екі кезең бойынша көшіріледі. Алғашқы көшке іліккендер ол аймақта тұрған күндерін ұмыта алар емес.

Дина Арышева, Ақсай қаласының тұрғыны:

Түтін шығады, иіс шығады көкпеңбек болып, қап-қара түтіндер шығады. Осында көшіп келместен бұрын мен газдың иісінен ауырып қалдым бір жұмадай. Сол газды жағып жатыр аямастан түтіндетіп. Бүгін барғанымда да жағып жатыр.

Қайрат Өтегенов, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары:

Балалар арасында өздерін жайсыз сезінетіндер әлі де бар. Күніне кем дегенде 2-3 оқушы басы айналып, әлсізденіп тұрғанын айтып, дәрігерге шағымданады. Оларға мектепте қалып сабағын жалғастыруға немесе үйіне баруына ерік берілген.

Келер жылы Ақсай қаласы мен «Аралтал» шағын ауданынан 144 пәтерлік, екі көпқабатты үй мен балабақша салу жоспарда бар. Сондай-ақ, жер үйде тұрғысы келетіндердің де өтініші ескерілмек.

Қайрат Өтегенов, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары:

Пәтерлерді заң талаптарына сай бөліп, әрбір тіркелген адамға 15 шаршы метрден келетіндей етіп рәсімдедік. Бұған қоса тұрғындардың ауылдағы үйіндегі қора-қопсы мен бау-бақшасы үшін де қосымша өтемақы төленеді.

Осыдан бір жыл бұрын Березовка ауылының балалары бірінен соң бірі есінен танып құлаған. Аяқ-қолы ұйып, басы айналатынын айтып шағымданғандар да болды. Кейін олардың қатары жүзге жетті. Ал прокуратура сол күндері ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кеніші зиянды газ шығарғанын растады. Осы оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық істі тексеру әлі де жалғасып жатыр.

Еркін КАРИН